Телеканал Хабар

Дүйсеғалиев Сәркенай (1925-2008 жж.)

Sarkenai Duisegaliev

Менің атам Дүйсеғалиев Сәркенай 1925 жылы 16 кыркүйекте Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Құрман совхозында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының ардагері болған атам өте шыншыл, адал еді. Ол ұзақ жыл ұтымды еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған еңбекқор кісі еді. Атам соғыс жылдарын мүлтіксіз, күні кеше болғандай бәрін бізге айтып отыратын. Сол айтылған әңгімелерін атамның өз сөзімен бүгін қағаз бетіне түсіруді жөн көрдім.

«Ол кезде мен ана сүті аузымнан кеппеген, соғыстың не екенін білмейтін 17 жастағы жеткіншек бала едім», – деп әңгімесін бастайтын атам. «1942 жылы Ақтөбе облысы, Ойыл ауданының Құрман совхозына соғысқа шақырту келіп, бәрімізді алып бара жатты. Артымда зар еңіреп анам мен бауырларым қалды. Бойым аласа, арық, сары бала едім. Бойымның аласалығы сол, арқама ілген мылтықтың дүмбісі тобығыма тиіп тұратын. Өзім сияқты жас жауынгерлер елге аман-есен оралатынына кудіктеніп, көңілсіз келе жатқан еді. Жол-жөнекей бізбен келе жатқан бір әжей жауынгерлерге құмалақ аша бастады. Шетте отырған мен де жанына барып, ықыласымды білдірдім. Әжей құмалағын шашып, қарап отырып, менің жеті жылдан астам уақыттан соң аман-есен оралатынымды айтты. Сенер-сенбесімді білмеген мен қайтадан қарауын өтіндім. Екінші ретте әжей дәл солай жауап беріп, бірақ шамалы аяғымды жарақаттап алатынымды айтты. Қалтамда өте аз ақша болса да, айтқан жақсы сөзіне риза болып, сол қара кемпірге тиынымды ұсынып кеттім. Келесі күні біздің құрам жүрейін деп тұрғанда пойыз бригадирі су әкелуімді өтінді. Ойымда ештеңе жоқ мен шелегімді ала жүгіре жөнелдім. Су алуға барғанда үлкен кезекті күтіп қалдым. Суды алып қайтадан пойызға келген кезде, сол пойыздан қалып қойып, көз алдымда жөнеліп бара жатқанын көріп, еңіреп жыладым. Еріксіз еңіредім, өйткені келесі эшелон тек бір аптадан соң келетін. Ауылдан аттап, басқа жерге шығып көрмеген баламын. Бір ауыз орыс тілін білмеймін. «Не істеймін?», «Қайда барамын?» деп есеңгіреп тұрғанда сол жерде мені бір орыс кемпір жұбатып, үйіне алып кетіп, бір апта баққан болатын. Артынан мен қалып қойған пойыздың (ол кезде эшелон деп аталатын) үстіне бомба түсіп, көп жауынгердің оққа ұшқанын естіп, Құдайдың мені сақтағанын, менің ажалымның болмағанын сол кезде түсіндім.

Біз не көрмедік, мұз жастандық, қар жамылдық, төсегімізді орманнан кесіп әкелген ағаштармен ауыстырдық. Кейде тамақ болмай қалатын кездер болады. Өлімтіктердің етін жеп, «шықпа, жаным, шықпаның» күйін кештік. Жанымда өзім сияқты көңіл-күйлері жоқ солдаттар.

Талай рет қарша бораған оққа түспеу үшін тізерлеп, жорғалап жургенімізде, екі тіземіз бен шынтағымыздан қан сорғалайтын.

Бір күні кешқұрым рота командирі кезекте тұрған мені отын әкелуге жұмсады. Жанымды шүберекке түйіп, ішімнен оққа ұшып кетпес пе екенмін деген оймен шығып келе жатқанда анадайдан немістің «Рама» деген ұшағы бізге қарсы оқ жаудырып келе жатыр екен. Карсы алдымда бәйтеректің түбінде бір орыс қызының өлең айтып отырғанын байқадым, кенет жан-жағым ыстық боп кеткенін, бомба түскенін, өзімнің құлағанымды сездім. Есімді госпитальда жидым. Жанымдағы достарым мені іздеп, үйінді топырақтың астынан солдаттар киетін жабудың шетін көріп қалып, қазып тауып алған екен. Аузы-мұрнымнан қан кетіп, оң жақ аяғым омырылып сынған мені дереу әскери госпитальға жеткізген екен. Содан есімді жиғаннан кейін әлгі орыс қызды сұрасам, оның бір аяғын сол сәтте оқ алып кеткен екен. Мұндай жағдай бұдан кейін де бірнеше рет қайталанып отырды. Негізі бомба 40-50 м қашықтықта түссе, онда адам аман қалады, одан әрі жақындасаң, сүйегің де жоқ болады.

Мен орыстардың арасында жалғыз қазақ болдым. Менің есімім Сәркенай болғанымен, жауынгерлердің бәрі мені «Сашка» деп атайтын. Арық, шымыр едім. Пушкаға оқ тасуға әлім келмегендіктен, құлағыма мақта тығып, сыртынан орап қоятын. «Пушканы ат!» деген бұйрық келгенде, мен атамын. Құлағымнан қан ағатын кездер болатын. Өте тіл алғыш едім, командирлер не айтса да, жүгіре жөнелетінмін. Ол үшін олар бізге екі «тушенка» беретін. Тамақ үшін бәріне жүгіретінбіз. Талай еңбегім үшін медаль беріп марапаттаған кезде: «Маған медаль емес, өмір керек!» – дейтін едім. Қасымда ешқандай қазақ болмады. Кілең орыс, украиндердің арасында жалғыз қазақ баласы болдым. Бір өзбекті көріп қалып туысымды көргендей қуанып, толқығаным есімнен кетпейді.

Сондай бір соғыстың сұрапыл кунінде қасымда украин жігіт екеуіміз окопта жатқанымызда екі неміс солдаты келді. Іштей «өлдік, бәрі бітті!» деп ойлап жатқанымызда екеуі бір-бірімен немісше сөйлесіп, бізге тиіспей кетіп қалды. Сонда біз «бұлар да біз сияқты солдаттар ғой, аяған шығар» деп түсіндік. Көрер жарығым көп болған шығар, Алла мені көп жерде ажалдан аман алып қалды.

Содан Берлинді азат еткен Кеңес үкіметі жауынгерлері өте көп болды. Жақын жердегі деревняларға солдаттардың бір бөлігін 2-3 айға қоныстандыруға тура келген. Ішінде менде бармын. Бір күні ойымда ештеңе жоқ, мылтығымды тазартып отырған едім, кенеттен «Победа!» деген дауысты естідім. Сол кезде ойларында ештеңе жоқ жауынгерлер, бүкіл көрген бейнеттерін ұмытып, құлақшындарын аспанға лақтырып мәз болды. Бірақ одан кейін бізді жапондармен соғысуға Дальний Востокқа, Қытайға, Большой Хинган деген жерге алып кетті.

Ол жақтан кейін де әскери міндетімізді жалғастыруға бізді Сахалинге алып кетті. Себебі соғыстан кейін солдаттар аз болғандықтан, орын толықтыратын күш жоқ болды. Араға жыл жарым салып, орнымызға басқа солдаттар келіп, біз босатылып, жеті жылдан астам уақытты өткізіп, елге оралдық. Ойлап қарасам, соғысқа аттанған кездегі баяғы қара кемпірдің «7 жылдан астам уақытта аман-есен елге ораласың» деген болжамы дәл келген екен».

Атам осылай соғыс жылдарындағы оқиғаларын әңгімелеген сәтте ерекше сезіммен, ерекше құлшыныспен айтатын. Қанша жыл өтсе де, қарт кезінде баяндаса да, сол кездегі командирлердің, жауынгерлердің, болған жерлерінің, станцияларының, орыс деревняларының атын еш ұмытпай, қателеспей, әр оқиғаның датасына дейін дәлме-дәл айтып отыратын.

Қан төгілген жылдардағы әр оқиға қанына сіңіп, ұмытылмастай із қалдырған. Атамның кеудесіндегі өзімен бірге үнемі жылтырап бірге жүретін «За отвагу», «За освобождение» деген медальдарынан Варшава, Чехословакия, Большой Хинган, Берлин, Белград т.б көп қалаларда болып, Отан үшін отқа да, суға да түскенін түсінетінбіз.

Атам ауылға жеткенше бірнеше айы жолға кеткен екен. Содан айтуы бойынша Мақат деген станциядан түскенде жауынгерлерді күтіп тұрған қаулаған адамдардың арасынан ешкі жетектеп жүрген Төлеубай деген інісін танып қалады. Соғысқа аттанған жылы 7 жастағы балғын бала болған інісі 14 жастағы жеткіншек болып есейіп қалған екен. Алғашында інісі атамды танымаған. Араға жеті жылдан астам уақыт салып қауышқан бауырымен құшақтасып, қал сұрасып: «Мына ешкіні не істейін деп жүрсің?» – деп сұрап едім, сатып, шешеме көйлек алайын деп едім», – деді бауырым», – деп атам жымиып үнемі есіне алып отыратын.

Атам тамырын тереңге жайған бәйтерек секілді улкен отбасылы болып, он бала сүйіп, барлығын адалдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиеледі. Ол – 19 немере, 4 шөбере, 17 жиенінің маңдайынан сүйіп, ықыласына суйенген кісі.

2008 жылы 83 жасында атам өмірден өтті. Қазіргі таңда әжеміз Кенжеқыз – әлі де балаларының қызығын көріп отырған қарт ана.

Ұрпағына бейбіт өмір сыйлаған атамыздың ерлігін еш ұмытпаймыз. Мәңгілік есімізде!

Авторы: Бақытгүл Нұрланқызы Қамбарова