Телеканал Хабар

Жақсылықұлы Хамидин (1919 жылы туған)

Khamidin Zhaksylykuly

Хамидин Жақсылықұлы Беларусь майданында соғысқан. Жауға қарсы көрсеткен ерлігі үшін І дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» сияқты 15-ке тарта орден- медальмен марапатталған.

Хамидин Жақсылықұлы 1919 жылы 20 наурызда Жамбыл облысы, Меркі ауданы, қазіргі Ақарал ауылында дүниеге келген. 1939 жылы ақпанда әскерге аттанады. Әскери борышын өтеу мерзімі аяқталғанда ІІ Дүниежүзілік соғыс басталады. Өзімен жасты курсанттармен бірге оны Ашхабадтағы жаяу әскер жауынгерлерін даярлайтын училищеге жібереді. 6 айлық жылдамдатылған курсты бітірген жігіттер лек-легімен Беларусь майданына жөнелтіледі. Асқан жауапкершілігімен көзге түскен алғыр жігітке әскери жетекшілік взвод жауынгерлерін басқаруды сеніп тапсырады. Кіші лейтенант Жақсылықов жан алысып, жан беріскен ұрыстың бірінде аяғы мен белінен ауыр жараланып, госпитальға түседі. Содан ІІ топтағы мүгедек болып ауылға оралады. Дегенмен 1950 жылға дейін запастағы офицер ретінде әскери құрам қатарында болады.

Ауылға оралған соң ол Жамбыл қаласындағы педагогикалық техникумды бітіріп, аудан мектебінде қазақ тілі мен әскери дайындық сабақтарын қатар жүргізеді әрі балалар үйінде тәрбиеші болады.

Соғыстың ауыртпалығын шалғайдағы қазақ ауылдары да бастан өткерді. Елге қиын-қыстау кезде сүйеу болар сөзіне берік, ісіне тындырымды әрі шаруаның жайын білетін азаматтар ауадай қажет еді. Сондықтан ол Шымкент қаласындағы Сауда техникумына оқуға түсіп, білімін жетілдіреді. Ауылға оралған соң қарапайым есепшіден бастап Қырғызстан астанасы Бішкек, бұрынғы Фрунзе қаласында Тұтынушылар Одағаның төрағасы, кейіннен Мойынқұм ауданында «ҚазАвтодор» мекемесінің директоры сияқты жауапты қызметтерді атқарды.

Хамидин Жақсылықов көзі тірісінде өз ортасына мінезі, сөз саптауы, жүріс-тұрысымен үлгі болып, аудан халқының құрметіне бөленген. Ағайын-туысын қамқорлығына алып, бала-шағаға үнемі «білімге ұмтыл, біреудің ала жібін аттама, өтірік айтпа, жалқау, немқұрайды болма» деп санасына құйып отырды. Оның тәлім-тәрбиесін көрген ұрпағы бүгінде қатарының алды болып, еңбек пен адалдықты, халыққа аянбай қызмет етуді өміріне ту етіп келеді.

Авторы: Жақсылықова Ғалия Хамидинқызы