Телеканал Хабар

Сәрсенғалиев Бакар Жәрдемұлы (1925-2009 жж.)

Сәрсенғалиев Бакар Жәрдемұлы (1925-2009 жж.)

1925 жылы 9 мамырда қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Бөкей Ордасы ауданы, Бисен ауылында, қарапайым отбасы шаңырағында дүниеге келген. Ауылдық мектепте 7-сыныпты бітіріп, 1943 жылы әскер қатарына алынып, майданға аттанады. 1 Беларусь фронтының 613-полкінде жауынгерлермен бірге жаумен шайқасады. Германия жерінде, соның ішінде Бранденбург, Берлин қалаларында соғысқа қатысады.

1946 жылы елге оралып, еңбекке араласады. Сырттай 10-сыныпты бітіреді.

1954 жылы тың игерушілердің қатарында Жәнібек ауданы, Қамысты ауылына келеді. Сол жерде хатшылық қызметтерді атқарады. Калинин совхозы құрылғаннан кейін жұмысшылар кооперативін басқарған. 1985 жылы зейнетке шығады. Жұбайы Үмбетқалиева Нәсіпжамал екеуі бір ұл, бес қыз тәрбиелеп өсіреді.

Наградалары:

  • ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені;
  • «Берлинді азат еткені үшін» медалі;
  • «1941-1945 жж. ҰОС қатысқаны үшін» медалі және т.б. түрлі медальмен марапатталған.

Ел басына қауіп төнген кезде қорықпай, жауға қарсы шыққан ардагер аталарымызбен мақтанамыз. Олардың ерлігі ешқашан ұмытылмау керек. Қазіргі бейбіт өміріміздің себепшісі бола білген нағыз ержүрек жауынгерлер! Қанмен келген Ұлы Жеңіс ұрпақтардың есінде мәңгі қалады.

Авторы: немересі Сарсенғалиева Гүлзада