Телеканал Хабар

Құпияұлы Құндақбай (1910-2001 жж.)

Құпияұлы Құндақбай (1910-2001 жж.)

Әкем соғыс ардагері болды.«Барыс жылы тудым», – деп отыратын. Құжат бойынша 1910 жылы туған. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақжар ауылының оңтүстік шығыс беті болуы керек, Даулыкөл деген жерде туып өскен.

Әкемнің айтуынша, Құпия атамыз 1932 жылы 54 жасында қайтыс болыпты. Атамыз туралы көп деректер қалдырған жоқ. «Түйенің терісінен шанақ жасаған қобызы болып еді», – дейтін.
«1932 жыл. Жасым 18-де. Тұрақбай 5 жаста. Шүленкөлдің жағасында отырмыз. Әкем қайтыс болған жыл сол. Бір қайығым, бір аузынан оқтайтын пілтелі мылтығым бар. Аң аулаймын, балық аулаймын. Қайық жалғыз адамдық, қылтылдаған, қауіпті. Тұрақбайды жағаға жалғыз тастай алмаймын. Айнала аш адамдар. Алып кетеді. Жеп қоя ма деп қорқамын. Сондықтан көл ортасындағы аралға апарып қоямын да балық аулауға кірісемін. Қамыс арасындағы ұялардан жұмыртқа тауып аламын. Қайтарда аралдағы інімді алып қайтамын. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» дегендей аштық жылдарынан осылай аман қалдық»,– деген еді әкем бір әңгімесінде.

Ел басына күн туып, Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылдың күзінде әскер қатарына алынды. Алғашында Түркіменстанның Ашхабад қаласы маңында жаттығудан өтті. Одан кейін 63-дивизияның 223-ші атты әскер полкінде жаумен бетпе-бет соғысты.

«Атты әскер қатарында болдық. Әп сәтте иесі атынан, аты иесінен айырылып жататын қияпатты ұрыстарда талай рет жаңбырша жауған оқ астынан аман алып шыққан күрең төбелімді қалай ұмытайын. Ер қанаты атанған жылқы деген жануардың ұрыс даласында батыл, соғыс қимылдарына икемді болатынын сонда байқадым», – деп еді бір әңгімесінде.

1942 жылы ауыр жарақат алып, госпитальге түседі. Айығып шыққаннан кейін дәрігерлік қорытынды оны «әскер қатарына жарамсыз»деп тауып, 1943 жылдың сәуір айында денсаулығына байланысты елге оралды.

«Ұлы Жеңісті Жосалы стансасының шығысындағы Қараөзек көпірінің арғы бетінде «Көк кезерме» деген жерде қарсы алдық», – деп отырушы еді. 

Әкем Құндақбайұлы Шегебайдың фейсбук парақшасынан алынған дерек.