Телеканал Хабар

Тлеубердиев Әбділда (1908 жылы туған)

Tleuberdiev Abdilda

Әкем Тлеубердиев Әбділда 1908 жылы қазіргі Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қаракемер ауылында дүниеге келген. Ауылдағы бастауыш, кейін жеті жылдық мектепте оқиды.

Кеңес Үкіметі орнаған 1926-28 жылдары алғашқы коллективизация науқанына белсенді қатысушылардың бірі болып, 1930 жылы Әулие-Ата қаласындағы 1 жылдық ауыл шарушылығы мамандарын даярлайтын сол кездегі Рабфактан «Агроном» мамандығы бойынша білім алады.

Соғыс басталуға жақындағанда Кеңес Үкіметі механизацияға бейімдеу мақсатында тағы да Әулие-Ата қаласындағы МТС (машина-трактор станциясы) мамандар даярлау курсына оқуға жібереді. Сөйтіп әкем көпсалалы механизатор, шофер мамандығын алады.

1941 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қаракемер ауылынан соғысқа аттанған. Артиллерия полкіне алынады. Басқыншылармен күресте алдыңғы майдан шебінде жүріп, Берлинге дейін барады. Соғыс кезінде және одан кейінгі жылдары алған марапаттары мен алғыс хаттары – соның дәлелі.

Америкалық «Зенита» тасушы расчетта болып, автомашинаны өзі айдап, расчеттың командирі де өзі болады. «Соғыста «Катюша» артиллериясын қалай пайдаландық, солай жеңістің нәтижесі көбейе түсті», – деп еске алатын еді. Бір қызығы, расчетында өзіміздің ауылдан соғыстың басынан аяғына дейін бірге болған Мәлімбаев Бұлтбай, Шымкент қаласынан Шолпанқұл деген кісілер – үшеуі көзі тірі кездерінде 9 мамырды жыл сайын бірге атап өтуші еді. Бірде Қаракемер ауылында, бірде Шымкент қаласына қонаққа баратын.

Соғыс туралы киноларды көргенде әкем: «Дәл осы қызыл оттың астында жүрдік, мына көрсеткендердің бәрі рас. Бір жолы атыста бомбаның астында қалғанда үшеуміздің де тірі қалуымыз – Алланың сақтағаны», – деуші еді. Менің әкем Әбділданың бел омыртқасын куфайкенің мақтасы ғана оқ өткізбей қорғап қалса керек. Мақта бықсып жанып, қатты ысығанда шешіп үлгеріпті. Ал Мәлімбаев Бұлтбай ақсақалдың медалінің темірі ғана майысыпты. Шолпанқұл болса машинаның астында көміліп қалып, оны зорға тауып шығарып алыпты. Айтқан сөздерін бала кезімде қызық көріп тыңдап отыратынмын.

«Сталинград майданында байқағаным: немістер суыққа шыдамсыз келеді екен. Бір хутордан екі жүздей фашисті қолға түсірдік. Суыққа тоңып, әбден қалжыраған сарбаздары «Гитлер копут» деп өздері бүрсеңдеп беріле салды. Ал біз бар болғаны он екі солдат қанамыз. Алдымызға сап өзіміздің штабқа айдап әкелдік. Біздің солдаттар оларды ұрып-соғып алып кетті. Командирлер тұтқындарды атқызбайтын еді», – дегені есімде.

Ғаламтор арқылы РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық мұражайының материалдары негізінде ҰОС кезіндегі құжаттардан құрастырылған «Память народа» атты электронды банкінен («Подвиг народа» сайтында да бұл мағлұматтар толық бар, тіпті бір бұрышына «секретно» деп жазылған приказ көшірмесі де жарияланған) әкем жайлы мына ақпаратты таптым: Тлеубердиев Абдильда 1908 г.р. Место призыва: Курдайский РВК, Казахская ССР. Время поступления на службу: 1941. Место службы: 145 гв.иптап 7гв.кк. Медаль  «За боевые заслуги»(07.03.1945). Описание подвига: «он 7.3.,45 в г.Грайфенберг под оружейно пулеметным огнем пр-ка доставлен боеприпась непосредственно на ОП», – деп жазылыпты.

Ал тағы бір марапаты «За отвагу» медалі не үшін берілгені былайша баяндалған: «В боях с немецкими захватчиками тов.Тлеубердиев неоднократно проявял доблесть и мужество. Во время попытки танковой группы Манштейна прорваться к окруженный в Сталинграде группировке в бою под похлебино, работая шофером боевой машины под ураганным огнем танков дважды вывадил орудие на открытую ОП, чем содействавал отражению 2 танковых атак и уничтожению 3 танков пр-ка, помогая расчету вести  огонь (подносил к орудию  снаряды). За время работы не имеет ни одной аварии. Достоин ...» – деп үзілген жазбаны оқып, толқыдым.

Ауылдағы ең адал азамат атануы өз ісіне адалдығын сұрапыл соғыста да жоғалтпаған екен ғой деп ойлаймын. Майдан даласынан келген соң да өзінен кейінгілерге де беретін тәрбиесі солай болды.

Менің әкем колхозда соғыстан кейінгі жылдары зейнетке шыққанша механизация саласында жұмыс істеді. Қарапайым колхозшыдан колхоздың бас инженеріне дейінгі дәрежеге көтерілді. Зейнетке шыққан соң да қоғамдық еңбектен қол үзбей, алғаш ауылымызға диірмен орнатып, оны өзі басқарды, он жыл үздіксіз істеп, орнына жас маман даярлап, 70 жасында ғана жеке үй шаруасына көңіл бөлді. Ұзақ, үздіксіз еңбегі де бағаланып, ауыл, аудан, облыс көлемінде ардақты, сыйлы азаматтар тізімінде болды. Жұмыстан қолы босағанда кітапты көп оқитын. Карл Маркстың «Капиталын», М. Әуезовтің «Абай жолын» шамның жарығымен оқығаны есімде.

Колхоздағы саяси сабаққа үзбей баратын. Мен ол кезде мектеп оқушысымын. Біз де мектеп оқушылары ол кезде ауыл кітапханасынан кітап алып оқуды өзімізше мәртебе көруші едік. Бірде әкем маған колхоз кітапханасынан Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыздар» деген кітабын әкеліп, «Осына оқып шықсаң, осылардай білімді боласың» дегені есімде. Кітапта Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсариннің өмір жолдары еді. Иә, қазақтың өнегелі ұлдарының ұлағатына қарап, біз де бой түзедік. Қазір өзім де зейнеткермін. Немерелеріме, кейінгі ұрпаққа үлгі болсын деп әкем жайлы естелікпен бөлісіп отырмын.

Әкемнің еңбегі партия, үкімет тарабынан әркез бағаланып, мәртебесі өсіп отырды. Сондықтан әкемді жақсы өмір сүріп, әдемі қартайған қадірлі азамат деп еске аламын.

Авторы: ұлы Еркін Әбілдаұлы Әбілдаев