Телеканал Хабар

Сыздықов Сәулебек

Syzdykov Saulebek

1941 жылдың шілде айында менің атам Сыздықов Сәулебек Қарағанды облысы, Шет ауданының 84 жерлестері арасында соғысқа аттанған.

Қарағандыдан олар Ақмола қаласына жолданып, Ақмола, Қарағанды, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Челябі облыстарының азаматтарынан құрылған 310-атқыштар дивизиясының құрамына қосылған. Солтүстік-Батыс майданының 310-дивизиясы қатарында олар Отанды фашистік басқыншылардан қорғап, Ленинград түбіндегі шайқастарға қатысқан. Рота санитары бола тұра, жәрдем беру міндеттерін орындау барысында жаудың шытырман отының астында қалудың қиын болуына қарамастан, бір мезгілде жаумен атысып, жараланғандарға медициналық жәрдем көрсетіп, оларды ұрыс алаңынан шығарып алу амалдарын жасап, көптеген жауынгердің өмірін сақтап қалуына атсалысқан.

Атамыздың естелігінен бір ерекше оқиға еске келуде: майдандағы шайқастардың арасында шабуыл атыстар уақытша тоқтап, өзі жауынгерлермен бірге блиндажға келе жатқан кезде, ағаш түбінде құстың кішкентай балапандарының қыбырлап, тоңып жатқанын көріп, күннің суықтығына қарамай басындағы құлақшынын шешіп, балапандарды соған салып алып, блиндаж ішіне әкеліп, оларға өзі жейтін нанын үзіндеп берген. Сол сегіз балапанның біреуі әлсіз қалпынан шыға алмай қайтып, қалған жетеуін аяғына тұрғызып өз қолынан ұшырыпты. Осыған ұқсас атамыз өзінің де жеті баласын асырап, сол балапандар тәрізді жанұядан үлкен өмір жолы сапарына аттандырған.

Жоғарыда келтірілген қанды шайқастардың бірінде ол жанында жарылған жау снарядынан өзі ауыр жараланып, контузиялы болған.

1942 жылы ол Карель майданында соғысып, бір-екі жылдан кейін бұрынғы жаралары біліне бастап, асқынуына байланысты 1944 жылдың сәуір айында ол комиссияланып, туған ошағына оралған.

Келген бетте үйіне ауыл адамдары жиналып мәз боп отырған сәтінде үйге Ақбүркіт атты иті кіріп, төрде отырған атамның иығына алдыңғы аяқтарымен асылып үргенде отырған адамдардың бәрі көзіне жас алған.

Ауылға келген күнінен бастап барша кеңес адамдары сияқты ол көптен күткен Жеңіс күніне жету үшін дамылсыз аянбай еңбек еткен.

Сыздықов Сәулебек ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды.

Ұлы Отан соғысының жауынгерлері мен батырларына мәңгілік данқымен естелік!

Авторы: немересі Ақылбай Ерболат Жамбылұлы