Телеканал Хабар

Қараулов Керімбек (1906-2000 жж.)

Karaulov Kerimbek

1906 жылы ОҚО, Созақ ауданында дүниеге келген. 

«Оңтүстік өңірінде, Арқа жеріне дейін атағы жайылған Шілменбет би деген бабаларың болған. Оның үлкен ұлы Сағындық – Сопақтағы көтерілісті басқарғандардың бірі. Шілменбет биге қатысы бар туған-туысқандарды қудаланатыны содан кейінгі жылдар еді. Ал мен Шілменбет бидің кенже ұлымын. Ұлы Отан соғысы басталып шақырылғанда ерлік жасап, әкемнің атына жасалған қиянатты жеңілдете алар ма екенмін?» деген де ой болған. Содан соғысқа аттандым. Бір адамның жаққан отына мың адамның жылынатынын көрдік. Ел басына күн туып, өмір мен өлім шайқасқан, қан мен тер төгілген кезде Отан бостандығы үшін, болашақ жарқын өмір үшін жанын қиған арыстан жүректі талай азаматтар жастайынан шейіт кеткендерді де көрдік. Соғыста қорықпау мүмкін емес. Қаңғыған оқ тиіп өлгендерді де көрдік. Іштей өлімге де бас идік, бірақ жас кезіңнен естіген «Жаныңнан арың күшті», «Жеріміз жоқ жау алдында тізе бүккен» деген сияқты тәрбиелік сөздерді әрқашанда есте ұстадық», – деп әкемнің ойланып-толғанып айтқан әңгімелері әлі құлағымның түбінде естіліп тұрғандай.

Әкем 1941 жылы 10 желтоқсанда Түркістан АӘК шешімімен 336-полкіне кавалерист болып алынған. Бұл полкте 1942 жылдың қараша айына дейін болған. Әрі қарай Г.К.Жуковтың басқаруындағы 483-атқыштар полкінің артиллерия батальонына ауыстырылған.

Әкемнің полк қоршауда қалып, одан қалай аман-есен шыққаны – адам сенгісіз оқиға. Оқтаушы, нысаншы болып жүрiп 1943 жылы иығынан тиген оқтың әсерінен №1626 госпитальда емделіп, содан кейін әскери қызметке жарамсыз деп танылып, елге қайтады. Елге оралып, «Би-болысқа қастық жасап қуса да, Оңай емес кедер үзу туған жерден» деп туған жері Созаққа келiп, Созақ орталық кассасына инспектор болып орналасқан.

Дәм-тұз бұйырып, Несiппайқызы Бибісара анамызбен отау құрып 11 бала көрген. Солардың үшеуі тірі қалып, олардан 9 немере, 20 шөбере, 5шөпшек тараған.

Үлкен ұлы Амантай Шымкент, Арыс, Шиелі, Түркістан қалаларында теміржол саласының басшылық қызметтерінде болып, зейнеткерлікке шықты. Түркістан қаласында талай жылдар депутат болып қоғамдық жұмыстарға да атсалысқан. Ол – Түркістан қаласын құрметті азаматы.

Ортаншы ағам Алыпқаш милиция саласында қызмет атқарып жүріп өмірден өтті.

Мен теміржолға қажетті заттарды тасымалдаудың өндірістік жабдықтаушысы болып қызмет атқардым.

Әкемнің майдангерлер жасаған ерлігін келесі ұрпақ ұмытпаса екен деген арман-тілегін орындап жаткан адамдарға алғысым шексіз!

Авторы: ұлы Жауғаш Керімбеков