Телеканал Хабар

Арынов Сапарбай (1917-2007 жж.)

Arynov Saparbay

«Құдайдың күнінің жаманы жоқ, балалар. Әркімнің атар таңы, батар күні бар. Қаңғыған оқ қадалып, о дүниелік болып жатқандарды да көрдік. Снарядтар жарқылдап, шытынап ұшқан оттың арасында иығына қару, сойылын асынып жүздеген, мыңдаған әскер жортып жүреді. Әркім ер әшейінде, ел ішінде, Майдан екен сынайтын ердің ерін», – деп бастаушы еді анда-санда соғыс жайын әңгіме қылғанда әкеміз.

«Немістерді өкшелеп қуып Днепр өзеніне де жеттік. «Понтонный мост» деген болады. Өзеннен өту үшін қайықтарды қатар қалқытып қойып, үстінен жасалған көпір болады. Оны құратын әскери бөлімдер бар. Біз соның үстінен тезірек өтуіміз керек. Ондай сапырылысты айтып жеткізу қиын. Сендерге айтарым: жас кезде тек шынығу керек. Егер мен Шу бойында өсіп, кейін Сырдарияны ары бері жүзіп өтуді меңгермегенімде, тура қазір мен сендерге әңгіме айтып отырмаған болар едім. Ұшақтан тасталған бомбалар, толассыз түсіп жатқан немістердің снаряды... Көпір қайда, сен қайда, шым-шытырық дүние... Осылардың арасынан қару-жарағыңды жоғалтпай, арғы бетке жүзіп шығу менің өмірімдегі ең үлкен ерлігім шығар. Су түбіне қаншама адам кетті ғой», – деп еске алушы еді әкеміз Сапарбай Арынов.

Әскер қатарына 1942 жылдың қаңтар айында Түркістан АӘК-нан алынған әкеміз ІІІ Украина майданының құрамында Украина, Молдавия, Румыния, Венгрия, Югослваия елдерін азат етуге қатысқан.

«Ұлы Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін», «Украинаны азат еткені үшін» т.б. медальдармен марапатталған. Соғыстан кейін мұғалімдік мамандыққа оқығанмен, зейнеткерлікке шыққанша тракторшы болды.

Ол адам жатырқай қоймайтын аңқылдақ мінезді, кез келген адаммен тіл табысып кететін елгезектігі басым кісі еді.

Әкем анамыз Айткүлмен 10 ұл-қыз өсірген.

Ардақты әкенің бейбіт кездегі өмірден бір көрінісінен естелік:

Мен өмірге келгеннен кейін әкем трактормен роддомға келіп-кетіп тұрады. Келесі бір келгенінде апам: «Бүгін шығамыз, баланың киімін әкел», – десе, әкем: «Мынаған орап алып кете береміз», – деп, үстіндегі купайкасын дереу шешіп береді. Дәрігер медбикелер болмайды деп у-шу. «Онда жата берсін», – деп әкем кетіп қалады. Біраз уақыттан кейін үлкен әпкелерім келіп алып кетіпті. «Қазақта періштесі ажалдан қаққан екен» деген түсінік бар. Әкем ауылдың сыртынан өтетін теміржолдан жұмыс бабымен әрі-бері өте беретін. Бірде әдеттегідей сақтықпен оң жақ, сол жаққа қарап ештеңе көрінбегесін өтіп бара жатқанда зуылдап келе жатқан пойыз соғады. Трактор быт-шыт. Әкем аман қалады. Содан Жаратқанның берген несібесі біткенде 2007 жылы өмірден өтті.

«Өткендерін ескерген

Өскендіктің белгісі.

Өткендерін ұмытқан

Өшкендіктің белгісі», – деп отырушы еді қарттарымыз.

Отан үшін жастық шақтың базарын тоқтатқан адамдарды еске алып, тәрбиелі, мағыналы жұмыспен айналысып жатқандардың барлығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ!

Авторы: ұлы Пернебай Арынов