Ақмұрзин Аман (1917-1960 жж.)
Ақмұрзин Аман 1917 жылы 7 қарашада Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Нұра ауылында ауқатты отбасында дүниеге келген.
1920 жылы Совет үкіметі құрылып, байлардың мүлкін тәркілеу кезінде Торғайға көшіп кетеді. Сол жерде мектеп бітіріп, 1935 жылы сауда қызметкерлігіне орналасады.
1942 жылы Қызыл Армия қатарына Қостанай облыстық әскери комиссариатынан шақырылып, Ташкентте әскери дайындық курсында, кейін 1943 жылдың сәуірінде Ленинградтағы Қызыл тулы әскери-саяси училищенің тыңдаушысы болып, оны соғыс жағдайына орай қысқа мерзімде бітіріп шығады.
Ұлы Отан соғысында Ленинград майданы, 51-армия, 63-атқыштар корпусы, 87-атқыштар дивизиясының, 1379-атқыштар полкі құрамында 45 мм-лік зеңбіректер взводының командирі, гвардиялық лейтенант, кадрлық офицер болады.
Ақмұрзин Аман Сталинград қаласын жанталаса қорғаған, Манштейн армиясына қарсы тойтарыс берген. Оңтүстік майданында Қырым түбегін босатуға атсалысып, аса қанқұйлы шайқаста Севастополь қаласын неміс басқыншыларынан босатқан. Әйгілі 87-Қызыл тулы Перекоп дивизиясы болатын. Одан кейін бұл дивизия бір ай резервте болып, жоғарғы бас қолбасшының бұйрығымен І Балтық, Ленинград майданына беріледі.
Литва елінде 200-ден астам елді мекенді босатып, Кенинсберг қаласын қырғынмен алып, Еуропа елдерін босатуға атсалысады. Севастополь қаласын алғаны үшін «Қызыл Ту» орденімен марапатталған.
Шяуляй, Ауце, Бене, Добеле елді мекендерінде өте ауыр шайқастар жүргізіп, Акмяне, Ионишкис аудандарында жаудың танкі шабуылдарына дер кезінде тойтарыс берген. Жагаре пунктінде қоршаудан аман шығып, Мемель қаласы бағытында шабуылға көшеді.
1945 жылы 23-27 қаңтарда 45 мм-лік зеңбіректер взводының командирі гвардиялық лейтенант Ақмұрзин Руньги-Озодграйкин ауданында жаудың қарша борап тұрған оғына, артиллериялық миномет атысына қарамастан, дұшпанның 5 атыс нүктесін, 2 блиндажын, 20-дан астам адамын жойып жібереді. Осы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады.
Гвардиялық өжет офицер, лейтенант Ақмұрзин 1 айға жетпей тағы ерліктің үлгісін көрсетеді. Литва елінде Иогули ауданында взводты басқара отырып, 23-24 ақпанда 1945 жылы 45 мм-лік зеңбіректің дәл ату тактикасымен жаудың 2 пулемет нүктесін, 10-нан астам неміс басқыншыларын өлтіреді. Осы ерлігі үшін полк командирі подполковник Кладницкий ІІ дәрежелі Отан соғысы орденін ұсынады, бірақ дивизия командирі полковник Куляко бір саты төмендетіп, «Қызыл жұлдыз» орденіне лайық деп шешім қабылдап, қол қояды.
Гвардиялық лейтенант Ақмұрзин Аман 2 дүркін «Қызыл Жұлдыз», «Қызыл Ту» ордендерімен және көптеген мерейтойлық медальмен марапатталған.
Орал әскери округінің №01221 бұйрығымен запасқа шығып, елге оралады. Соғыс аяқталғаннан кейін өзінің мамандығы бойынша Торғай өңірінде потребсоюз мекемесінде қызмет атқарады. 1952-1960 жылдар аралығында Қостанай облысының Әулиекөл, кейін Қарасу аудандарында аудандық потребкооперациясының бастығы қызметін атқарады.
1955-1957 жылдары Мәскеу қаласында совет кәсіби одағының жоғарғы мектебінде білім алып, 1960 жылы ауыр науқастан қайтыс болады.
Әжеміз Гүлбаршын сауда саласында көп жылдар бойы еңбек етіп, жеті бала тәрбиелеп, 85 жасында дүние салады. Балаларының ішінен ерекше көзге түскен, әкесінен екі жасынан айырылған әкеміз Ақмұрзин Абат Аманұлы еліміздің энергетика саласына қосқан өлшеусіз, теңдессіз еңбегі жоғары бағаланып, «Құрмет орденінің» иегері атанған. Өкінішке қарай, әкемізден айырылғанымызға жүз күн де болмады.
Даңқты жауынгеріміз Бауыржан Момышұлы: «Жерге тер төгіп, халыққа қан төгіп қызмет етуден аянба», – деген екен. Сондықтан ата-бабаларымыздың ерлігі, Отанға деген сүйіспеншілігі – балалары мен немерелеріне деген мәңгі ұмытылмас өнеге. Біз, Тәуелсіз мемлекеттің ұрпағы, бейбіт өмір үшін әрқашан да борыштармыз.
Авторы: немересі Аманова Тоғжан Абатқызы