Шәріпов Ибрагим (1923-2000 жж.)
1942 жылдың 12 маусымы күні Калмыков селосынан Пушкин пароходымен Жайық өзені арқылы Орал қаласына келген жастардың көпшілігі Влаговищенск қаласына кетеді. Мұнда Бүкілодақтық офицерлік атқыштар училищесінде аз уақыт ішінде әсери тәртіпке үйреніп, соғысу тактикасын меңгереді. Өкінішке қарай, бұл училищені толық аяқтап, офицер болуға уақыт көтермей 1942 жылдың 18 тамызы күні жоғарыдан шұғыл бұйрық болып, 400 курсант майдан шебіне аттанады.
1942 жылдың 18 тамызынан Волохов майданында ұрыс даласында болып, 4 қыркүйек күні ауыр жараланып, Череповец қаласында госпитальде емделеді. Жарақатынан айыққан соң 131-ші Қызыл тулы Ровшинск атқыштар дивизиясының 593-ші полкі құрамында жауынгерлік жолын қайта жалғастырады. Ол бұл полкта бөлімше командирі болған.
1943 жылдың қаңтар айында дивизия Лениград майданына келеді. Дивизия сол жылдың 19 наурызы күні Красный Бор деген жерде шабуылға шығады. Өкінішке қарай, тағы жараланып, госпитальде емделіп шыққан соң, 1944 жылдың наурыз айында 376-шы атқыштар дивизиясының 1252-ші полкінде жауынгерлік қызметін жалғастырады. Сержант Макаров екеуі жаудың түнгі шабуылына тойтарыс көрсеткені үшін «Ерлігі үшін», «Ерлік еңбегі үшін» медальдерімен марапатталады. Ресейдің ежелгі қаласы Псков маңында 20 шілдеде шабуылға шығады. 1944 жылдың 22 шілдесінде Псков қаласы, 30 шілдесінде Псков облысы жаудан түгел босатылады.
1944 жылы 31 шілдеде дивизия бауырлас Эстония жеріне жетеді. Атам осы шайқаста ауыр жарақат алып, қатардан шығады. ІІІ топтағы соғыс мүгедегі ретінде елге оралады. Жеңіс күнін елде қарсы алған атам үзілген оқуын жалғастырып, мұғалім болып соғыстан кейін 40 жыл ұрпақ тәрбиесімен айналысады. Әжем екеуі 2 қыз, 5 ұл тәрбиелеп өсірді. Бір қызы дәрігер болса, қалған ұл-қыздары және олардан тараған немерелері де оның жолын қуып, ұстаздық қызметті таңдады.
Маған атамды көру бұйырмады. Ол 2000 жылдың 10 сәуірінде дүниеден озды. Әйтсе де, Ибрагим атам секілді майдангерлердің артында өшпес із бен өнеге қалды. Біз – Отан үшін от кешкен батырлардың ұрпағымыз. Батырлармызды еске алу, ардақтау және оларға алғысымызды білдіру біздің қолымыздан келетін ең кіші нәрсе. Мен де сұрапыл соғысты бастан кешкен ата-бабалар рухына тағзым етемін!
Авторы: Ибрагим Рауан Болатұлы