Асқарбай Қияхметұлы (1921-1968 жж.)
Сондай отбасының бірі Қияхметовтер отбасы еді. Қияхмет атамызбен апамыз ерте қайтыс болып, артында Базарбай, Әзімбай, Асқарбай, Сыдық, Әдепжан атты балалары қалды. Сұрапыл соғыс ешкімді аямады. Жетім балалар енді ер жетіп, жаңа өмірге қадам басқан кезде соғыс басталып, ағайынды төрт жігіт те соғысқа аттанды. Арттарында көзі жасқа толы жалғыз қарындастары қалды.
1944 жылы Асқарбай атамыз бір аяғынан жарақаттанып, туған жері Алматы облысы, Сарқан ауданынаны қарасты Бақалы ауылына оралады. Бірақ атамыз мойымады. Туған жеріне оралғаннан кейін басқарма болып қызмет атқарады. Өзінің қарапайымдылығымен, қамқорлығымен, мәдениеттілігімен, білімділігімен халқына сыйлы азамат болды. Қызмет атқарып жүріп, Тұрар апамызбен танысып шаңырақ көтерді. 8 бала дүниеге келді. Балаларына жақсы тәрбие беріп, үлгі-өнеге болды.
Өкінішке қарай, 47 жасында дүниеден озды. Өзінің аз ғана ғұмырында жарқ еткен жұлдыздай талай ізгі істер атқарып, әскери еңбегі үшін медальдерімен марапатталды. Атамыздың ақындық қасиеті де бар болатын. Госпитальда жатқан кезде жазған өлеңі:
Әкем аты – Қияхмет,
Менің атым – Асқарбай.
Іштен жалын шығар емес,
Бір ауыз сөз айтылмай.
Бір атадан бесеу едік,
Аттандық біз соғысқа,
Ағаларым оралсын деп,
Әдепжан қалды соңымда.
Жеңгелерге аманат деп,
Төртеуіміз де аттандық.
Қарындасты, елімізді,
Қорғаймыз деп соғыстан.
Білмеппіз ғой,сол кезде
Жерленетінін Садықтың
Латвия жерінде.
Балаларына, немерелеріне, шөберелеріне жарқын болашақ сыйлаған аталарымызды үнемі есімізге алып, үлгі тұтамыз. Аталарымыз біздің мәңгі жүрегімізде!
Авторы: Кияхметова Айнур Шынтасовна