Телеканал Хабар

Бақтыгереев Арыстан (1914-1944 жж.)

Бақтыгереев Арыстан (1914-1944 жж.)

Гвардия сержанты Арыстан Бақтыгереев 1914 жылы Атырау облысы, Балықшы ауданында дүниеге келген. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанды. Жары Тұрсын әжеміз, қызы Биғайша, ұлы Бисенғали.

...Соғыс өрті өршіп тұрған кез. Ақпанның ақырған аязды күні. Жау штабы Беларусь майданы Мыслов Рог деревнясында орналасқан. Басшылық барлауға бес жауынгерден тұратын топ дайындап, мүмкін болса, жау жақтан қажетті құжаттар, тіпті болмаса, ақпар әкелуге аттандырады. Топ құрамында гвардия сержанты Арыстан Бақтыгереев те бар еді. Не керек, кескілескен ұрыста жаумен бетпе-бет келген қызыл әскершілер өз айлаларын асырып бағады. Атамыз құнды құжаттың қолды болмауына бар күш-жігерін салады. Өздеріне қарсы оқ атқан пулеметшіні жайратады. Өзінің де ауыр жарақат алғанына қарамастан, бағалы құжатты әскери басшылықтың қолына жеткізеді. Дәм таусылайын десе, айтар уәж жоқ екен. Ауыр жарақаттан беті бері қарамаған атамыз 1944 жылы 23 ақпанда көз жұмды.

Қызыл әскер Арыстан Бақтыгереевтің жанкешті ерлігі эскадрон басшылығы тарапынан орынды бағаланып, ол ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады. Мұны біз кейінгі іздестіру жұмыстары нәтижесінде архивтен тапқан едік. Жуырда бұл марапат РФ Президенті Владимир Путиннің қол қоюымен Ресейдің Орал қаласындағы өкілдігі тарапынан бізге табыс етілді. Бұл осыдан 75 жыл бұрын «Майдан даласында ерлікпен қаза тапты» деген тілдей қара қағазға қарағанда құнды да бағалы дерек болды.

2019 жылы 21 шілдеде Беларусь Республикасы, Гомель облысы, Светлогор ауданы, Мармовичи деревнясында бауырластар зиратына барып, атамыздың жерленген жерін тауып, дұға еттік.

Туған жердің бір уыс топырағы бұйырды деген осы! Енді біз де көпшілік алдында атамыздың ерлігін айтып, мақтана аламыз.

Авторы: немересі Света Бақтыгереева Бисенғалиқызы