Оразов Алтайбек
Менің атам Оразов Алтайбек 1941жылы маусым айында ОҚО, Сайрам АӘК-тен әскер қатарына шақырту алып, соғысқа аттанды.
1941 жылдың маусымы мен сол жылдың желтоқсан айына дейін 81-атқыштар полкінде соғысты.
1941 жылы желтоқсан айынан бастап 1942 жылдың қазан айына дейін 1035-атқыштар полкінде шайқасты.
1942 жылы жарақат алып, эвакуациялық госпитальға түседі. Госпитальда санына, иығы мен қолына тиген оқ жарасынан емделеді.
1943 жылы 28 сәуірде І топ мүгедегі болып елге оралды.
Атамның өмір бойына бір аяғы ақсап, таяқпен жүретін. Мені алты айлығымнан асырап, апам екеуі тәрбие берді. Апам 1972 жылы қайтыс болғанда мен алты жаста едім. Атам маған білім алуға көмектесті. Мен оның сабырлылығына, қажымас қайратына таңғаламын. Ешқашан ашуланбайтын, ренжімейтін, ақырын жымиып күліп қоятын.
«Балам, бұл өмірде денің сау жүрсең, сол бақыт. Соғыс болмай, ел аман болса, ол бақыт. Таңертең дүкенде айғай-шусыз сатылып жатқан нанды көріп тәубашылық етсең, сол бақыт», – дейтін.
Мен атамның тілегімен медбике болып жұмыс істеймін. Соғыс кезінде жас талдырмаш медбике қыздардың ерлігіне қайран қалып отыратын. Жараланғанда соғыс алаңынан алып шыққан Зина атты медбикенің ерлігін үнемі тілге тиек ететін-ді.
Айта берсем, атамның өмір жолы өте қызықты бір туынды. Оның әскери билеті менде әлі күнге дейін сақтаулы. Сақталу тарихы 79 жыл.