Қарақұлов Қапаш
Майдан кешкен ардақты ардагерлердің ерліктерін ұлықтау жолындағы игі істеріңіз үшін алғыс білдіре отырып, мен өзімнің үлкен атам Қапаш Қарақұлов туралы ақпаратпен және оның ерліктерімен бөлісуді жөн көрдім.
Бұл ақпараттарды атам Жеткерген Қапашұлы Қарақұловтың баяндауымен қағазға түсірдім.
Үлкен атам Қапаш Қарақұлов 1923 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сарыбасат елді мекенінде дүниеге келген. Сол жерде өсіп-өніп, 1940 жылы жеті жылдық мектепті бітірген.
Атам еңбекке ерте араласып, сол жылы Қазақстан колхозында есепші болып қызмет атқарған.
Соғысқа 1942 жылдың мамыр айында Арал аудандық әскери комиссариатының шақыруымен майданға аттанады. Ресейдің Чкалов қаласында 242-атқыштар полкінде үш айлық дайындықтан өтіп, Горький облысы, Арзамас қаласындағы 843-атқыштар полкі құрамында соғысқа қосылады.
Атам 1942 жылдың қазан айынан бастап бір жыл бойы 379-атқыштар дивизиясының 1253-атқыштар полкінде миномет наводчигі болған. Батыс және Волхов майдандарында Ленинградты неміс басқыншыларының қоршауынан босатуға қатысып, «Ленинградты азат ету» медалімен марапатталған.
1943 жылдың қазан айынан ІІ Прибалтика майданының 379-дивизиясы құрамында Калинин облысының Невель қаласын азат етуге қатысқан. Сол үшін 1944 жылдың 18 қаңтарында 1253-атқыштар полкі командирінің бұйрығымен «Ерлігі үшін» («За отвагу») медалімен, кейін «Даңқ» орденімен марапатталды. Ол туралы 379-атқыштар дивизиясының командирі полковник Болтручук пен Штаб бастығы Лебедевтің бұйрығында: «Неміс басқыншыларымен соғыс кезінде минометті тиімді, ұқыпты, өте дәлдікпен және тез көздеп, ерлікпен соғысқаны үшін ефрейтор Қапаш Қарақұлов үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталсын», – делінген.
Кейін атам Қапаш 1944 жылдың желтоқсан айынан 1945 жылдың шілдесіне дейін 245-атқыштар дивизиясының 904-атқыштар полкі құрамында миномет наводчигі қызметін адал атқарған. Ұлы Жеңісті атам Германияның Дрездень қаласында қарсы алған. Соғыстан кейін атама «1941-1945 жылдары фашистік Германия жеңгені үшін» медалі берілген.
1947 жылдың мамырына дейін Беларусь әскери округіндегі Орталық әскери бөлімнің оқыту батальонында инструктор болып, сол жылы елге аман-есен оралыпты. Бұрын қызмет еткен Қазақстан колхозында еңбек жолын қайта жалғастырып, Арал өңірінде балық шаруашылығында түрлі деңгейдегі лауазымдар атқарған. Республикамыздың балық шаруашылығын дамытуға сіңірген еңбегі үшін екі мәрте ҚазССР Жоғарғы Советінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған.
Атамның ерлігін насихаттау мен өскелең ұрпаққа өнеге ретінде дәріптеу мақсатында 2018 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сексеуіл кентіндегі көшелердің біріне Қапаш Қарақұлов есімі берілді.
«Әкенің аты ұрпағына 40 жылға азық» дегендей, мен де атамның ерліктерін мақтан тұтып, бізге бейбіт өмір сыйлаған қазақ батыры деп білемін.
Авторы: шөбересі Жеткерген Ғафур Талғатұлы