Кенжебаев Турағұл Кенжебайұлы
Кенжебаев Турағұл Кенжебайұлы 1917 жылы 7 қарашада Семей облысы, Жанасемей ауданына қарасты Көкен ауылында дүниеге келген. 1933-1937 жылдары Семей қаласындағы педагогикалық техникумның Математика және бастауыш сынып мұғалімі факультетін тәмәмдап, Қарағанды облысына жұмыс істеуге жіберіледі.
1937-1942 жылдарда Қарағанды облысының Жезқазған ауданындағы Сталин атындағы №21 орта мектепке мұғалім болып, одан кейін меңгеруші болып жұмыс істеді. Осы жылдары Жұмагүл Батырханқызымен отбасын құрды. Жұмагүл Батырханқызы соғыс кезінде тылда еңбек еткен.
1942 жылы мамыр айында әскер қатарына шақырылды. 1943 жылы Камышен танк училищесінде 25 танкілік корпусында барлаушы (разведчик) мамандығына оқып жүргенде қан майданға жауынгерлер жетпегендіктен, оқуын бітіре алмады. ІІ Украин фронтына сержант болып қабылданып, 1943 жылы жазда өткен әйгілі Курск шайқасына қатысты.
1945 жылы Польшаның бірталай жерін Кеңес әскерлері фашистерден босатып, Одер өзенінің (форсирование Одера) өткелінде Турағұл Кенжебайұлы снаряд жарылысынан ауыр жарақат алып, Мәскеу қаласының госпитальда ем алды. Соғыс жылдарында көрсеткен ерлігі үшін Сталиннің алғыс хатымен, «Германияны жеңгені үшін», ІІІ дәрежелі «Әскери даңқ», ІІ дәрежелі ҰОС ордендерімен, маршал Жуков және «Ерлігі үшін» медалімен, т.б медальдармен марапатталды.
1946-1948 жылдары Жезқазған ауданындағы №21 орта мектепте меңгеруші жұмысын жалғастырады. Жас отбасы 2 ұлдарымен қайта Турағұл Кенжебайұлының туған жеріне Семей қаласының Шаған ауылына оралады.
1948-1956 жылдары Шаған ауылының бастауыш мектеп меңгерушісі болып жұмыс істеді.
1957 жылы Чкалов ауылына мұғалім болып жұмысын жалғастырды.
1963 жылы Абай ауданының Брусилов бастауыш мектебіне мұғалім және меңгеруші болып жұмысын істейді.
1968 жылы Абай ауданының Знаменка ауылындағы орта мектепте мұғалім, тәрбиеші және 1975 жылы орта мектептің директоры болып жұмысын атқарды.
Турағұл Кенжебайұлы Жұмагүл Батырханқызымен 60 жылдық бақытты отбасылық өмірінде 7 бала өсіріп, 17 немере, 28 шөбере сүйді.
2005 жылы наурыз айында Турағұл Кенжебайұлы өмірден өтті.
Қазіргі кезде балалары, немерелері өз ұрпақтарына еңбекқор әрі батыр аталары туралы тарихи деректермен бөлісіп мақтан тұтуда.
Авторы: Нұрғожинова Гүлмира Бейбітқызы