Бекішов Нұрақыш (1919-1984 жж.)
1919 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында дүниеге келген атамыз Бекішов Нұрақыш 1940 жылы әскер қатарына шақырылған. Әскери борышын өтеп жүрген жауынгер атамыз 170-атқыштар полкінің құрамында соғысқа аттанады.
1943 жылы 140-атқыштар полкінің құрамында Сталинград майданына қатысып, шабуыл кезінде снаряд жарқыншағынан ауыр жарақат алады. Денесіне терең қадалған снаряд жарқыншағына ота жасау аса қауіпті болғандықтан, жарқыншақ атамыздың денесінде өмірінің соңына дейін жүрді. Осы шайқаста ол «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталды. Госпитальдан шыққан соң Варшаваны азат етуге қатысады.
Әрі қарай 47-атқыштар дивизиясының құрамында Берлинді шабуылдап, ерлік көрсеткені үшін 1945 жылғы 23 сәуірде Берлинді шабуылдау кезінде немістердің шебін бұзғаны үшін алған алғыс грамотасы және 1945 жылғы 2 мамырда «Берлинді алғаны үшін» алғыс грамотасы бар.
Берлинді алу кезінде атамыз фаустпатронмен жаудың пулемет нүктесін және оның көмекшілерінің көзін жояды. Осы ұрыста тағы да 6 неміс солдатын автомат оғымен жер жастандырған жауынгер атамыз «Германияны жеңгені үшін» медалімен және «Берлинді алғаны үшін» медалімен, сондай-ақ ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.
Берлинді алып, соғыс бітті деп қуанып жатқан атамызды 1945 жылдың жазында жапон соғысына жібереді.
1940 жылы әскерге кеткен Нұрақыш атамыз Отан үшін от кешіп, Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатысты.
7 жыл дегенде, яғни 1946 жылы сәуір айында ғана аман-есен ауылына оралды. Отбасын құрып, төрт баласын өсіріп-жеткізді. Бүгінде атамыздың 13 немересі, 19 шөбересі бар. Соғыстан кейін панасыз қалған іні-бауырларына қамқор бола жүріп, жол құрылысы саласында 45 жыл аянбай еңбек етті. Соғыстағы ерлігі мен адал еңбегі үшін ел құрметіне бөленген ардагер атамыз соғыс кезінде алған жарақаты сыр беріп, 1984 жылы 65 жасында дүниеден өтті.
Біз жауынгер атамыздың Ұлы жеңіске қосқан үлесін әрдайым мақтанышпен еске алып, жадымызда сақтаймыз!
Авторы: Жұмағали Арман Жұмағалиұлы