Даурбаев Сағымбай
Әкем Даурбаев Сағымбай 1922 жылы Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Қазақ диқан ауылында дүниеге келген.
1941 жылы әскерге 19 жастағы әкем Сағымбай Меркі ауылынан шақырылды. Ол ауылдастарымен бірге майданға аттанды. Ақтөбедегі оқу-жаттығу жиындарынан кейін 101-қазақ бригадасы құрылып, Ржевке Калинин фронтына жіберілді. Ауыр шайқастар жүріп жатты.
101-қазақ бригадасы 155-ші гвардиялық атқыштар полкінің жанына орналасты. Сол полкте әкемнің туған бауыры Кәріпбай борышын атқарып жатқан екен. Бауыры Кәріпбай 1939 жылы Фин соғысына аттанған, кейін ҰОС Калинин фронтына жіберілді. Ол 101-бригаданың Меркі ауданында құрылғанын біліп, әкемді іздей бастайды.
Ағайындылар қанды майданда кездесіп қалады. Сағына қауышқан бауырлар, жылап көріседі. Үлкен бауырының әкемді өз жанында алып қалу әрекетіне қарамастан, інісі бой бермей, ауылдастарымен бірге қалуды ұйғарады. Ағалы-інілі бауырлардың бұл соңғы кездесуі болатын. Кейін белгілі болғандай Кәріпбай Курск доғасындағы шайқаста қаза тауып, Курск облысындағы Гремучее ауылының «Братская могила» моласында жерленген.
Әкем Сағымбайдың соғыс жайында айтқан әңгімесі бауырымен басталып, бауырымен аяқталатын.
Авторы: Даурбаев Серікбай Сағымбайұлы