Сағындықов Жақсылық (1921-1982 жж.)
Әкеміз Жұмажан Сағындықов 1921 жылы 15 желтоқсанда Есбол ауданындағы Гребенщик ауылында дүниеге келген. 1939 жылы Жамбыл атындағы орта мектепті бітірген. Жұмажан Сағындықов та соғыс жылдары құрылған 316-шы атқыштар дивизиясы, Панфилов атындағы 8-ші гвардияның құрамында, одан соң ІІ Прибалтика майдандарында Отан үшін жан аямай соғысты. Онысы Панфиловшыларға арналған қалың кітапта суретімен бірге жазылған.
Ол кісінің естеліктерінің бірінде: «...1942 жыл Новгород облысы, Старое Русо қаласы маңындағы Александровкаға түстік. Шайқас өте ауыр болды. Мен артиллерия полкінің дивизионында 76 мм-лік зеңбіректің наводчигімін. Әскерлердің алдындағы жаудың бой көтертпейтін пулеметшілер орналасқан ұясын не танкілерді атамыз. Кейбірін көріп атсақ, енді бірін алғы шептегі командир бұйрығының байланысы арқылы жеткен тапрсырмасымен атамыз», – деп жазады. Сол ұрыс сәті аяқталып, одан әрі әскер саны толысып, келесі майданға кіріседі. Соғыста бірнеше рет жараланса да, әскери госпитальда жатып емделіп, қайта майдан даласына жіберіліп, Эстония, Латвия, Литва жерлерін азат етуге қатысты.
Міне, осының бәріне қазаққа біткен естелік пен ерлік, қайтпас қайсарлық, төзімділік бары айқын. Олай деуге себеп: осындай ұрыстың бірінде дивизия командирі генерал Личенко оны ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапаттады. Бұл –ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен қан кешіп, Отан үшін отқа түсіп, ерлік пен елдіктің өшпес айғағы. «Жер топырағымен, ел азаматымен киелі» дейді. Соғыстан оралғаннан кейін 1947 жылы әкеміз майдангер Жексенғалиева Ынташпен отау құрды. Отбасына 4 ұл, 5 қыз дүниеге әкелді. 3 ұрпағы дүние салды. Барлығы да жоғары оқу орындарын бітірген, еңбек саласында қызмет етеді.
Қос майдангерден немере-жиен, шөбере тарады. Соғыстан кейін де әкеміз бейбіт елдің еңсесін тіктеу жолында белсене араласты. Аудандық партия комитетінде әскери бөлімнің бастығы, Есбол ауданында Сталин колхозы мен Махамбетте колхоз председателі, Путь Ильича, Ақсай ауданында колхоз председателі, Индер быткомбинатында директор, Махамбет ауданында Зауральный совхозында директордың орынбасары қызметін атқарған.
Өмірінің соңына дейін Индер ауданына қарасты Амангелді совхозында ферма меңгерушісі, Индерде жол құрылыс басқармасында басшылық қызмет атқарды. Зейнеткерлік жасқа, яғни пайғамбар жасына жетпей 61 жасында өмірден озды.
Авторы: Сағындықов Нағым Жұмажанұлы