Телеканал Хабар

Жексенғалиқызы Ынташ (1924-2012 жж.)

Zheksengalikyzy Yntash

Жексенғалиқызы Ынташ 1924 жылы қарапайым отбасында дүниеге келді. Ол Елтай орта мектебін бітіргелі жатқанда тұлымшағы желбіреген оқушы болатын. Мектепті бітіре сала бақытты шақпен қоштасып, шинель киіп, соғысқа аттанды.

1942 жылы тамыз айында аудандық комиссариатқа шақырылып, сол жылы Есболдан 3 қыз болып соғысқа аттанды. Анамыздың «шашымызды шорт кесіп, майдан даласына әзірледі» деуі – сол кездің көрінісі.

Осылайша әртүрлі дайындықтардан өтіп, Қиыр Шығыстағы Жапонияға қарсы тұрған біздің әскердің қатарын толтырып, 1,5 жарым байланыс ротасында болады. Кейін оны атқыштар ротасына байланысшы етіп жібереді. Генерал-майор Дуточкин басшылық еткен 535-ші атқыштар полкіндегі азаматтық борышын абыроймен атқарды. Кейін әскери авиацияда болып, ұшақтарға байланысшы қызметін атқарып, Нагасаки қаласында жапон интервенттеріне қарсы соғысқа қатысып, ерен ерліктің үлгісін көрсетеді. Манчжурия жерінде Хинган асуларынан асып, Кеңес әскерлері құрамында болған анамыздың жадында Спасск , Харол приморе, Вонесенск сынды жер-су, қала атаулары мәңгі сақталып қалыпты. Сол жеңісті жақындатуға қосқан ерен еңбегі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, Р.К.Жуков және жеңіс медальдарымен марапатталған.

Соғыстан кейін де қоғам өміріне белсене араласты. Бөдене мектебінде іс-қағаз жүргізушісі, Жарсуат ауылындағы мектепте секретарь-машинист, Махамбет ауданындағы 11-ауылда балабақша меңгерушісі және Аққала ауылында балабақшада қызмет атқарды.

Анамыз жаны жайсаң, ары таза, ешкімнің ала жібін аттамаған, өсек-аяңға ілеспеген жан еді. 2012 жылы қаңтар айында анамыз науқастанып, 88 жасында дүниеден озды.