Өмірғалиев Сəлмен (1923-2006 жж.)
Ұлы Жеңіске 75 жыл! Ел басына күн туғанда етігімен қан кешкен сол ұрпақтың ерлігін қанша айтсақ та, артық емес. Майдангер Сəлмен Өмірғалиевтің жастық шағы сол соғыспен тұспа-тұс келді.
Орал облысы, Қаратөбе ауданы, Бесотар ауылында дүниеге келген атамыз Сəлмен Орынбордағы Бузулок детдомында 5-15 жасқа дейін тəрбиеленді.
Майданға 1942 жылы 18 жасында аттанып, 150-атқыштар бригадасы құрамында Калинин майданында ұрысқа кіреді. Осы жылдың күз айында жау шабуылынан тойтару кезінде ауыр жарақаттанады. Краснояр ауданында 1399-госпитальға түсіп, 1943 жылдың көктемінде 79-шы атқыштар корпусында соғысты жалғастырады. Осы корпуспен Латвия, Литва, Польшаны, оның ішінде Варшаваны азат ете отырып, Берлинді алуға қатысады.
1945 жылдың көктемі. Соғыс Германия жерінде жүріп жатқан кез еді, – дейді өз əңгімесінде майдангер атам. – Атақты Нейса, Одер шайқасы басталған кез. Командирлер бəрімізді жиып: «Алдымызда өзен тұр, оның жағасында мықты бекініс бар. Өзі биікте. Осы бекіністі қаратпасақ, шабуылға шыққанда көп шығынға ұшыраймыз», – деп бастады. «Осы бекіністі алуға кім барады?» деп сауал тастады. Ең үлкен сауал осы еді».
- Рұқсат етсеңіз, жолдас командир, мен барайын.
- Сенемін саған, Сəлмен, тек жеңіспен келуіңді тілеймін! – деп командирі жорыққа шығарып салады.
«Түн қараңғылығын пайдаланған біз жаудың дəл үстінен шыға келдік. Фашистер биік тау басында бейқам отырса керек. Алыса шайқаса кеттік, ет қызумен байқамаппын, оң иығыма оқ тиіпті. Сол жолы біз жеңіспен оралып, аман-есен оралған майдандастарыммен соғысты Берлинде аяқтадық. «Венгрияны азат еткені үшін», «Будапешті азат еткені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарына ие болдым».
Сəлмен ата сол сұрапыл жылдары еске ала отырып Берлиндегі 150-ші атқыштар дивизиясының құрамында соғысқанын, «Қызыл Жұлдыз» орденін 97-ші Померан арнаулы байланыс батальонының Қызыл туы түбінде салтанатты қарауылға тұрғанын əңгімелейді. Жеңіс құрметіндегі мұндай сенім ең таңдаулыларға ғана артылатын. Ол өз əскери бөлімшесінің есім Жеңіс туына алтын əріппен мəңгіге жазылғанын, орынды мақтаныш ететін. Берлин операциясы тарихтан белгілі І, ІІ Беларусь фронтының командирі Совет Одағының Маршалы Жуковтың басшылығымен жүргізілді.
Сонау 1947 жылы майданнан оралған соң Шолақтауға келіп комбинатқа жүргізуші болып орналасып, бір жерден табан аудармай 45 жыл жұмыс істеді. Өзіне бекітілген автомашинаны əрқашан күтімді ұстап, «Қаратау» акционерлік қоғамының өркендеуіне өз үлесін қосты. Еңбегі бағаланып, өңіріне əскери награлардың қатарынан «Құрмет белгісі» ордені орын алды.
«Қаратау қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Портреті мұражай төрінде тұр. Жұбайы Назымхан апа екеуі төрт ұл, үш қыз тəрбиелеп өсірді. Екі майданда да ел құрметіне бөленген атам Сəлмен осындай жан еді. Ардақты атамыз бүгін тірі болғанда 97 жасқа келер еді. Сағына еске аламыз.
Авторы: келіні Гүлайым Нүридоллақызы