Шақаманов Бектемір Шақаманұлы (1924-2014 жж.)
Шақаманов Бектемір Шақаманұлы Қарағанды облысы, Егіндібұлақ ауданы (бұрынғы Қу ауданы), Едірей селолық кеңесіне қарасты (Жетінші ауыл) Көлшілік ауылында 1924 жылы 20 қыркүйекте қарапайым отбасында дүниеге келген. Руы – Қаракесек, оның ішінде Балапан. Әкесі – Шақаман, анасы – Жәми, бірге туған жалғыз қарындасы – Құсни. Екеуі әке-шешелерінен ерте жастан айырылып, жетімдікті көріп өскен. 10 жасында сол жерде мектепке барып, 6 сыныпқа дейін латынша әріппен оқып, білім алған.
16 жасынан бастап Теміртау қаласында ФЗО-да жұмыс істеп, 19 жасында Ақмола қаласында № 39-атқыштар полкінде 6 ай оқып, кіші сержант атағын алады.
1942 жылы әскер қатарына шақырылып, сол жылы қарашаның 7-і күні әскери ант қабылдап, №39-шы атқыштар оқу-жаттығу полкінде дайындалып, 3-ші Беларусь майданы бағытында №1108 Гвардиялық Панфилов дивизиясының 371-атқыштар полкі құрамында болып, Кенигсберг және Варшава қалаларын азат ету үшін жүргізілген ауыр шайқастарға қатысты.
1944 жылы, 3 маусымда сол жақ жауырынының астына қарай жүрек тұсынан ауыр жараланып (жүрекке 5 мм жетпей), Тбилиси қаласындағы әскери госпитальға түседі. Емделіп шыққан соң №26 механикаландырылған Суворов дивизиясының 203-а ртиллериялық-гауп полкі құрамында майданға қайта кіреді.
1945 жылы Ұлы Отан соғысын Люксенбург, Фрайденбург қаласында аяқтады.
Немістердің Данцигтік топтарын жоюға қатысып, Балтық теңізі жағасында орын тепкен немістердің әскери-теңіз базасын басып алуға белсенді араласқан. Осындай іс-қимылдарының арқасында оған 1945 жылдың 30 наурыз күні № 319 бұйрықпен жазылған Сталиннің атынан Алғыс хат алған.
Соғыс аяқталған соң туған жеріне бірден орала алмады. 1945 жылдың күзінде Арменияның Кировакан қаласына келіп, шекаралық тәртіптерді орнатуда үлес қосып, тағы да екі жыл әскери қызметте болады. 1947 жылы ғана Отан алдындағы азаматтық борышын толық орындап, сонша жылдарда жиналған адам бойына сыймас мол сағынышпен, алдағы бейбіт өмірде орындағысы келетін таусылмас армандармен елге оралады.
Соғыстағы ерлігі үшін II Дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» және «Белоруссия жерін азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Жеңіс үшін» орден-медальдарымен марапатталған.
2014 жылы маусым айында Қазақстан «Қарулы Күштерінің ардагерлері» Орталық Кеңесі Президиумының шешіміне сәйкес «Армия генералы С.Қ.Нұрмағамбетов» медалімен марапатталды. 2014 жылы қазан айында Белоруссия елінің Президенті А.Лукошенко атынан Ұлы Жеңіске 70 жылдығына орай мерекелік медалімен және алғыс хатпен марапатталды. Оның ішінде ең қымбаттысы да қадірлісі соғыстан кейін 65 жыл өткен соң ғана қолына тиген И.В.Сталиннің атынан келген Алғыс хат (30 наурыз, 1945 жылы, № 319 бұйрықпен жазылған). Бұл хатты табыс етер адам болмаған соң ауылдасы Қисамиден деген азамат сақтап жүріпті.
Туған ауылы, өскен жеріне келіп, ата-анасының қабіріне құран оқып, ертеде 1930 жылдары Ресей өңіріне қоныс аударған. Одан кейін Павлодар облысы, Шарбақты ауданының (бұрынғы Цюрипинский) Қызыл ту даласына қоныстанған ағайын-туысқандарына аттанады. Қазіргі күні сол маңайдағы бес ауыл біріктіріліп «Арбиген» ауылы деп аталады.
Елге келіп, немере ағасы Рамазан атамен кеңесіп, шопырлық оқуға, яғни жүргізуші оқуын оқып, құжатын алып келеді де, 1950 жылдардан бастап еңбекке араласып, 1952-1984 жылдар аралығында зейнеткерлікке шыққанша ауыл шаруашылығында шоферлік қызметін атқарып, адал еңбек етті.
Алған жары Баданқызы Ғалиямен (Кәлен) 67 жыл бірге бақытты өмір сүріп, 10 бала өсіріп тәрбиеледі. Балаларының бәріне жоғары білім берді. Немере бағып, шөбере сүйген ұлы ата.
Шарбақты ауданының құрметті азаматы, ауылының абыройлы да беделді ақсақалы Шақаманов Бектемір Шақаманұлы 90 жасқа толған шағында 2014 жылы қараша айының 8-і күні дүниеден озды.
Авторы: Шақаманов Бектемір Шақаманұлы