Телеканал Хабар

Түменбайұлы Еркінбек (1922-2010 жж.)

Tumenbaiuly Erkinbek

«1942 жылдың 8-9-10 мамыр күндері жауды күтіп жаттық. 11 мамыр күні жау шабуылға шықты. Шабуыл жасаған жауды артиллеристер зеңбірек снарядтарының астына алды, бізде жауды мылтық оғымен, станковый пулеметтің оғын жаудырып қарсы алдық. Жаудың беті қайтты, кейін шегінді. Бұл менің соғыс деген соғысты алғаш көруім еді. Алғашқы жеңісіміз бізді қатты қуантты....»

Еркінбек Түменбайұлы 1922 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданы, қазіргі Қызыләуіт ауылында дүниеге келген.

1942 жылдың 6 мамырда №384 атқыштар полкіне жіберіледі. Бұл кезде соғыс Жетіқұдық деген жерден 15-20 шақырымдай жерде жүріп жатады. Мамыр айының аяғына таман Новоресей, Краснодар қалаларын немістерден азат етуге күш салады. 1942 жылдың қазан айында Қап тауының етегі мен Пеодоцияға оңайлықпен келмегенін, Майкоп қаласын босатуда сұрапыл шайқастарға кесдескенін айтады. Бұл соғыс осылай жалғаса береді. 1945 жылы Берлин-Прага тасжолын немістерден тазарту кезінде снаряд жарықшағы сол көзіне тиіп жарақат алады, соған қарамастан жан қиярлықпен соғысты жалғастырады.

Елге келген соң 40 жыл ғұмырын бала тәрбиелеуге, ұстаздыққа арнады. Ұзақ жылғы жемісті еңбектерінің арқасында «Қазақстанның оқу ісінің үздік қызметкері» белгісімен марапатталды. Аманқыз апамызбен бақытты отбасын құрып, саналы да салихалы ұрпақ тәрбиелеп, немере-шөберелерінің қызығын көрді. Атам бізді үнемі еңбекқор болуға, адал қызмет етуге, біреудің ала жібін аттамауға үйретті.

Сіз жасаған ерлік мәңгі біздің жадымызда қалады.

Мен сіздей өр тұлғалы атамның ұрпағы болғаныма ерекше мақтанамын!

Авторы: немересі Түменбай Айнұр Сағатбекқызы