Телеканал Хабар

Идрисов Төлеубай Ыдырысұлы

Idrisov Toleubay

Идрисов Төлеубай Ыдырысұлы 1922 жылы Целиноград ауданы, Романовка совхозы, Ағанас ауылында дүниеге келген. Заманының ащы дәмін тартып, 1941 жылы әскери борышын орындауға кеткен атам көп ұзамай майданға аттанды. Ресейдегі Орск 116 атқыштар полкінде 2 айдай әскери жаттығулардан өтiп, наурыз айында Калинин майданына жiберiледi. Атамның неміс танкiсiн жайратқан ерлігі жайлы 2006 жылы басылып шыққан «Сұрапыл жылдар қаhармандарына тағзым» атты естелiктер жинағында және Целиноград аудандық «Ұран» газетінің тiлшiсi болған марқұм Кәриұлы Нәркештiң «Жау танкісін жайратқан Төкең» атты мақаласынан айқын бiлуге болады.

Майданда атам оң жақ қабырғасынан жараланып, 2 ай госпитальда жатып, майданға қайта кетеді.

1945 жылы елге Ұлы Жеңiспен аман-есен абыроймен оралды. Атам өзіне жүктелген icке аса жауапкершілікпен қарайтын өте тиянақты, адал жан еді. Ол өзі туған елінде, балаларымен немерелерінің арасында бақытты өмiр сүрiп, 2004 жылы 82 жасында дүние салды.

Атамның соғыстағы ерлігін оған берген марапаттары айғақтайды. Әсіресе Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков медалiн ерекше атап кетуге тұрарлық.

Ашық аспанда, тыныш елде өмір сүрiп, бейбітшілік сыйлаған осындай ержүрек аталарымызға басымызды иемiз. Отан деп от кешкен батыр аталарымның ұрпағы екенiмді мақтан тұтып, ерліктері кейінгі ұрпаққа өнеге болса деген ниеттемiн.

Ер есімі ел есінде. Ұлы Жеңіс ешқашан ұмыт болмайды!

Авторы: немересі Идрисова Гүлжанар Мұратқызы