Баймульдин Шәкірт (1922-2008 жж.)
Менің атам Шәкірт Баймульдин – Ұлы Отан соғысының ардагері. Атам соғыстан кейін 36 жыл ағартушылық саласында еңбек етіп, бастауыш сыныптарында ұстаз болды. Ардақты да шежірелі қариямыздың арадан өткеніне биыл 12 қазанда 12 жыл болады. Дегенмен атамның зұм сұламат соғыс жылдары жайлы айтқан естеліктері әлі де жадымда.
Атам 1922 жылы 21 маусымда Семей облысы, Белағаш өңірінің Ремки (қазақша атауы Қараөзек) елді мекеніндегі Баймолда бабамыздың отбасында дүниеге есігін ашады.
1938 жылы Белағаш өңірінің станциясындағы Аунай мектеп-интернатын үздік тәмамдады.
1941 жылы желтоқсан айында Қызыл әскер қатарына шақырылып, Алматыда жасақталып жатқан 100-ші қазақ атқыштар бригадасының артиллерия полкінің 3-батареясына алынды. 3-батарея көбіне Семей өңірінің жігіттерінен жасақталды. Олар: Рымбек Байсетов, Мұқанаәлі Омарбаев, Қабдұлқай Байжанов, Атамбай Оразбаев, Хұсайн Кәкібаев, Құсман Ақшалов. Олар атаммен бір ауылдан шақырылған. Бір шайқаста Әбдірахман Бимурзин 45 мм кіші зеңбірекпен жаудың 5 танкісін жойып мерт болған. Атамның айтуынша, 1943 жылы сұрапыл ұрыстан кейін бригада саяси бөлімінің бастығы Сақтаған Бәйішев Әбдірахман Бимурзинге Совет Одағының батырына, ал қалған қатардағы 3-батарея жауынгерлері мен офицерлерін Ұлы Отан Соғысының І және ІІ дәрежелі орденмен марапаттауға ұсыныс жазған. Сол кездегі армия штабындағы ұлтшылдық саясатының кесірінен Әбдірахман Бимурзинге Ұлы Отан Соғысының І дәрежелі ордені ғана берілген.
Атамның айтуынша, 1943 жылы Великие Луки қаласын жаудан азат еткеннен кейін 5 қаңтарда танғы 5:00 шамасында 3-батарея полк штабынан Сахно елді мекеніне қарай жасырын жүріп биіктікте бекітілуге бұйрық алады. Атам әрі қарай былай әңгімелейді: «Таң ата 4 зеңбіректі бір-бірінен алшақ қойып үлгерген бойда танкілердің моторының даусы шыға бастады. Батарея командирі Мәті Хұсайынов штабпен телефон арқылы байланысқа шыға алмай, бір байланысшыны үзілген сымды жалғауға жіберіп, ұрысқа дайындалуға бұйрық береді. Жаяу әскер әлі келіп үлгірмеген еді. Танкілер көрінісімен 1 зеңбіректі істен шығарып тастады, қалған 3 зеңбірекпен ұрысқа қызу кірісе кеттік. Жаудың 30 танкісінің 14-ін жойдық. Біздің қалған 3 зеңбіректің түгелі де талқандалды. 30 жауынгерден 15 жауынгер ерлікпен мерт болып, 13 жауынгер ауыр жарақат алды. Батарея толықтай істен шықты, қалған жаудың 16 танкісінің шегінген себебін кейін білдік. Біз жойған 14 танкіде жаудың жоғары шенді офицерлері болған. Айдаhар бассыз қалып, шегінуге мәжбүр болды».
Осы ұрыста атам ауыр жарақат алып, жарты жылдай госпитальда болады. Госпитальдан соң 158-ші дивизия құрамында байланысшы жауынгер ретінде Невель қаласын азат етуге қатысты. Невель қаласының маңындағы әскери маңызы бар биіктікте немістердің бекінісін алуда батареяның штабпен байланыс сымы үзіліп, атам сымды жалғау мақсатында окоптан шығып, үзілген жерін іздей бастайды. Осыны сезген немістер атамның бағытына қарай минометтан мина жаудырады. Жаудырған миналардың кесірінен атам ауыр жарақат алып, 1944 жылы соғысқа жарамсыз деп танылып үйге оралады.
Атам Калинин майданында 3 Ударный Армия құрамында Молодой Туд, Старая Руса, Ржев, Великие Луки, Невель қалаларын жау қолынан азат етуге қатысты.
Атамнан кейінгі інісі Оспанов Әйіп Баймолдаұлы 1925 жылы дүниеге келген. 1943 жылы соғысқа аттанып, 1944 жылы 22 шілдеде Украина жерінде, Волын облысының Лудин елді мекенін азат етуде кіші сержант, бөлімше комадирі дәрежесінде ерлікпен мерт болды. Ағасы Оспанов Мұқаш политрук, Брянск жерінде 1943 жылы ерлікпен мерт болды.
Атам соғыстан кейін колхоз жұмысына белсене араласып, Семей педагогикалық училищесін тәмамдап көптеген жыл ағартушылық саласында ұстаз болып қызмет атқарды.
1982 жылы Зубаир елді мекенін құрмет демалысына шықты.
1971-1982 жылдары қосымша Зубаир елді мекенінде интернат меңгерушісі қызметін атқарды. Атамның өмір серігі апам Абишева Бәтимә – құрметті тыл ардагері. Ол 1943-1977 жылдары ағартушылық саласында ұстаз болып қызмет атқарды.
Биыл Ұлы Жеңістің 75 жыл қарсанында апам Абишева Бәтимә 94 жасқа аяқ басты. Жыл сайын 9 мамыр күні апамның үйінде атамның балалары, немерелері, шөберелері, неменелері және атамның оқушылары жиналып, атамызды еске аламыз.
Авторы: Баймолдин Саят