Зайнуллин Шадияр Зейноллаұлы (1926-1998 жж.)
Зейноллаұлы Шадияр 1926 жылы маусым айының 28 Көгалүй елді мекенінде дүниеге келген. Жеті кластық білім алған. Бозбала жастық шағы Ұлы Отан соғысы кезіне тап келген. 1944 жылы Қызыл әскер қатарына алынып, майдан даласына шақырылады. 365-ші запастағы атқыштар полкі қатарында болды. 1945 жылы сәуір айында 1-ші Белорус майданында болып, үш рет жараланған. 11-ші запастағы полкте госпитальда емделіп шыққан соң, Берлинде п/п 29130 Әскери бөлімінде автоматшы-шекарашы болған. Жеңісті Берлинде қарсы алып, соғыс аяқталғанмен сол Берлинде қираған құрылысты тазартуға алып қалып, көлік жүргізушісі болып қызмет еткен.
1949 жылы п/п 70303 –«ф» әскери бөлімде болған. КСРО Жоғарғы Кеңесінің №281 қаулысына сәйкес, әскерден 1950 жылы қазан айында елге оралған. 1951 жылы Оңайқызы Күлжамалмен отау құрады. Зейнетке шыққанша ел экономикасын дамытуға аянбай үлес қосады. Кезінде еңбегі еленіп, бірнеше медаль, мақтау қағаздарымен марапатталды. Бірнеше рет ауылдық, аудандық кеңестің депутаты болып сайланды. Ұлы Отан соғысының майдангер-ардагерінің орден, медальдерінің саны бейбіт кезде де толыға түсті.
Орден-медальдерінің құжат-кітапшалары Бөкей Орда мұражайына тапсырылды. Қазір үш қыз, ұлынан тараған ұрпақтары бейбіт заманда бақытты өмір сүруде. Майдангер аталарын еш уақытта ұмытпайды.
Авторы: Зайнуллина Анаргүл Талғатқызы