Зинетолла Бекбосынұлы
Талай заман тарихтың беттерінде,
Атамның сол заманды кешкені де.
Тәубе деп тәуелсіз ел аспанына,
Ұрпағың ерлігіңді ескеруде!
Бекбосынұлы Зинетолла – менің анамның әкесі, менің нағашы атам. 1926 жылы 24 сәуір күні Теңіз ауданы, Өлеңді ауыл советіне қарасты Күйген ауылында, шаруалар отбасында дүниеге келген. 7 жылдық мектепте оқып, сауатын ашады. 8 сыныпты қазіргі Атырау қаласы Ганюшкино ауылындағы Абай атындағы орта мектепте тәмамдап, тұрмыс жағдайы келмей, одан әрі оқуын тоқтатады.
1938-1939 жылдары екі ағасы әскер қатарына алынып, соғыста мерт болады. Ата-анасына көмек көрсетіп 1942-1944 жылдары сауын фермасында «учетник» қызметін атқарады.
1944 жылы әскер қатарына алынып, екі ай әскери дайындық жұмыстарын жүргізеді, әбден дайын болған шағында соғыс қатарына аттанады. Зейнетолла атамыздың майдандағы жолы кеңестік Запольяреден бастау алып, әрі қарай Украин жерін азат етісіп, полк бөлшектенген уақытта Румынияға жол тартады. Біресе жау жақ, біресе кеңестік құрама басымдық танытқан ауыр ұрыс-соғыстарды басынан кешіреді. Альпі тауларының суық қойнауында, Венгрия мен Болгария ормандарында аш-жалаңаш дамылсыз ұрыста аянбай еңбек етеді.
Соғыстың соңғы нүктесін Австрияның Вена қаласы маңында тәмамдап, 1945 жылдың 8 мамырында жаудың толыққанды тізе бүккендігін айтып, жағымды жаңалықты хабарлайды... Соғыстан қайтқан шағында, әжеміз екеуі 12 бірдей ұрпақ сүйіп, немере-шөбере қызығына тоймай ғұмыр кешеді.
Батырлар жырының сан алуан түрін дамылсыз жырлап ,таңды-таңға жалғап қызықты әңгімелерін айтып, бар немересін жанына жинап отырушы еді... Данагөй қарияның титтей де болса сөзін естіп, ұлылар ұлағатын бойымызға жарытқан біздей ұрпақта қандай арман болсын!
Авторы: Жұлдыз Тасқали