Азмағанбетов Серікқали (1924-1984 жж.)
Азмағанбетов Серікқали 1924 жылы 25 мамырда (негізгі туған жылы – 1926 жыл) бұрынғы Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан) облысы Абай ауданының (бұрынғы Архат ауылы) қазіргі З.Белібаев ауылдық округінде дүниеге келген.
1942 жылы небәрі 16 жасында Жаңасемей аудандық әскери комиссариатынан Ұлы Отан соғысына шақырылады. Бір ай Алматы қаласында әскери даярлықтан өтіп, 1942 жылы 285-ші атқыштар полкінің 183-ші атқыштар дивизиясында 45 мм зениттік атқыштар ротасында зеңбірек наводчигі болған. 1943 жылғы 12 шілдеде Курск доғасы шайқасында немістермен болған ұрыста оң иығынан және бетінен жараланып, Грузияның Тбилиси қаласындағы госпитальде емделіп, запасқа шығарылып, 1944 жылдың ақпан айында елге оралады.
Соғыстан кейінгі жылдары Абай ауданының ауылдарында (Архат, Құндызды, Күлмен колхоздарында) ауылшаруашылық жұмысында еңбек етті. Кейін еңбек ете жүріп, 1953 жылы Семей қаласындағы Мал дәрігерлік институтында сырттай оқып, «Зоотехник» мамандығын тәмамдады.
Сонымен қатар Абай және Жданов атындағы совхоздарында партия ұйымының хатшысы, Абай аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып, өмірінің соңына дейін облыстық ауылшаруашылық басқармасына қарасты Абай аудандық Мал тұқымын асылдандыру станцияның бастығы болып қызмет атқарды.
1984 жылы 4 қарашада қайтыс болды.
Соғыс жылдары және соғыстан кейін «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен, «Ерлігі үшін» медалімен, Жеңістің 20 жылдығы, Жеңістің 30 жылдығы медальдерімен, «КСРО Қарулы күштеріне 50 жыл», «КСРО Қарулы күштеріне 60 жыл» медальдерімен марапатталған.
Жұбайы Жақиянова Қалдыбала екеуі 8 бала тәрбиелеп өсірді. Қазіргі кезде ұрпақтары республиканың түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жүр.
Авторы: Азмағанбетов Рамазан Серікқалиұлы