Жалалов Акбар (1918 жылы туған)
Боздақтарым,
Бабаларым, шежірем,
Шаңырақтың орын алған төрінен.
(Ж.Мәкеналы)
Бұл суреттегі кісі – менің анамның (тәтемнің) 1918 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген ағасы Жалалов Акбар.
1941 жылы майданға аттанып, хабар ошарсыз кеткен. Бала кезімізде Сара апамның (Акбар нағашы көкемнің үлкен әпкесі) төрінде ілулі тұратын аса қадірлі 2 суреттің бірі. Атын ұмытпай дұғамызға қосып жүргенмен, бейнесі есімде мүлдем қалмаған екен. Осыдан 4-5 күн бұрын Тараздағы Сара апамның қызына телефон соғып, сұрау салып едім, әпкем суретті тауып, тәтеме салып жіберіпті. Түнгі 2:00-де тәтем: «Қызым, көкеңді көріп көзайым болып жатсың ба? Бауырым қайтып келгендей аңырап, көз жасымды тыя алмадым ғой. Іздеген саған, жіберген сіңліме, рахмет!», – деп алғысын жаудырды. Телефонмен естелік айтып, таң атқанша көз ілмедік. Акбар көкеміз 23 жасында (1918 ж.т.) қан майданға аттанып, хабар ошарсыз кеткен боздақ еді.
Көкеміздің суретімен қоса берілген мына сары қағаз да осыдан 3 күн бұрын интернеттегі «Память» мұрағатынан табылды.
Ардақты әжем ботасын шарқ ұрып іздеген екен ғой... Бұрын ол туралы естіген едік, алайда апамның аты жазылған хат ерекше тебірентіп жіберді. Біз кішкентайымыздан Хатша (Хадиша) апамның бауырында өстік. Сара апамның қызы Нағима әпкем: «Екі шешем де өле-өлгенше ардақтыларын жоқтап өтті ғой», – дегенде, көзім үсті-үстіне дөңгеленіп жасқа тола берді.
Атам Жалал «халық жауы» деген жаламен ұсталып, қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында саяси тұтқындар лагерінде майданға орман ағашын дайындау жұмысында болыпты.
1944 жылы қайтыс болып, тұтқындағылар Жалал атамызды ишан деп құрметтеп, мұсылмандық жолымен арулап, «Старая собка» деп аталатын бағытта оңаша жерлепті. Бұл хабарды лагерден жазасын өтеп шыққан бір кісі Хатша апама келіп айтып, жатқан жерін қағазға жазып, қолына ұстатқан екен. Жаратқан ием тірісінде бір-бірін көре алмай, зарығып өткен пенделерін ендігі жәннатта табыстырған шығар.
Топырақтарың торқа боп, рухтарың пейіште шалқысын, асыл ата, әже, көкелерім!
Авторы: Ханшайым Әбдутәліпқызы Қарабаева