Күлжанов Мұқатай (1917-2016 жж.)
Күлжанов Мұқатай 1917 жылы 21 желтоқсанда Баянауыл ауданының Құндыкөл ауылдық округіне қарасты Біржанкөл ауылында туған. 1925 жылы 1 сыныпты Сарықамыстағы Қанапияның үйіндегі мектепте Нәжмиден мұғалімде оқыды. 4 сыныпты бітірген соң Талғардағы ауыл шаруашылық техникумында 4 жыл оқып агроном мамандығын иеленді.
Еңбек жолын 1939 жылы Ертіс ауданының Новоивановск НТС-інде агроном болып бастайды. Осы жылы Ертіс аудандық әскери комиссариатынан қарулы күштер қатарына шақыртылды.
Күлжанов Мұқатай Красноярск аймағы, Каинский қаласында полковой кіші командирлер дайындайтын минометшілер курсына жіберілді. Сол жерде 99-ыншы сібірліктер корпусі құрамында шаңғышылар сапында Фин соғысына араласты. 1939 жылы 11 қарашада жараланып, Харьков қаласында әскери госпитальда емделді.
Неміс басқыншыларына қарсы соғысқа Батыс Украина майданына араласты. Украина, Польша, Германия аумағында болған шайқастарға қатысты. Эльба өзенінен өтіп, Американдық Біріккен Одақтас әскерлерімен кездесіп, соғысты аяқтады.
Соғыстан кейін бір жыл Германияда қызмет етті. 1946 жылы желтоқсанда елге оралды. Елге келген соң Баянауыл аудандық ауыл шаруашылық бөлімінде бас агроном болып қызмет етті. 1948 жылы «Халық жауы» деген жаламен 25 жылға сотталып, Таймыр түбегіндегі Норильскіде жазасын өтеді. Тек 8 жылдан соң ғана, яғни 1956 жылы ақталып, елге оралды. 1957 жылы Әденқызы Тұрмыс анамызбен шаңырақ көтерді. Ауылға келген соң, 1979 жылы зейнетке шыққанға дейін агроном болып қызмет етіп, тың игеруге, ауыл шаруашылық өндірістерін көтеруге атсалысады.
Бес ұл, үш қызға әке атанды. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. 17 немере мен 2 шөбересін көрді. Соғыс және еңбек ардагері – мемлекеттік марапаттардың иегері, Баянауыл ауданының құрмет азаматы, екі ғасырдың куәгері, Мұқатай Күлжанұлы 2016 жылғы 4 қыркүйекте 98 жасында ұрпақтарының ортасында абыз ақсақал болып, дүниеден өтеді. 6 қыркүйекте Тайлақ ауылындағы әке-шешесі жатқан зиратқа, жарының қасында жерленді.
Авторы: Мұқатай Жәнібек