Телеканал Хабар

Әбдіғұлов Өмірзақ (1924 – 1983 жж.)


«...Бұл соғысқа талай боздақ жасы жетпейтіндігін жасырып аттанды ғой. Мен де 17 жасымда бейбітшілік үшін белуардан қан кешуге дайын болдым. Құжаттарыма туған жылымды бір жылға кейін шегертіп жаздырып алдым да, қару ұстап қатарға қосылдым...»

Өмірзақ Әбдіғұлов 1924 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Шиен ауылында дүниеге келген.

Мектепті бітіре сала қолындағы қаламын қаруға айырбастаған батыр әкеміз қан майданның қақ ортасына түседі. Мәскеу мен Сталинград үшін болған ұрыстарға қатысады. Киев пен Будапештті азат етуге атсалысады. Осы шайқастарда бірнеше рет жараланса да, үйге қайтудың орнына оқ пен оттың ортасынан табылады.

Госпитальда жатқанымен, үнемі майданға оралуға асығады. Жас старшина үшін жаумен қасық қаны қалғанша, Жеңіске дейін арпалысу аса маңызды болған. Көптен күткен Жеңіс күнін әкем Венгрияда қарсы алыпты.

Майданда көрсеткен жанқияр ерлігі үшін бірнеше рет марапатталған. Соның ішінде «Ерлігі үшін» медалі де бар. Ол күші басым жаумен болған кескілескен ұрыста өз ротасын қажетті заттармен дер кезінде үздіксіз қамтамасыз ете білгені үшін берілген. Сол кезде командирінен жоғары баға алғаны туралы мұрағаттық жазба да бар. Әкеміз соғыс аяқталғаннан кейін екі жылдан соң ғана елге оралады.

Анамыз Зайрамен шаңырақ көтеріп, жеті баланы заман көшіне ілестіреді. Асқар тауымыз бейбіт өмірде де белсенді қызмет етіп, алғы шептен табылды.
Авторы: ұлы Бақытжан Әбдіғұлов