Ақназаров Жаңақұл Есмағамбетұлы (1923 жылы туған)
Атам Жаңақұл Есмағамбетұлы Ақназаров 1923 жылы 7 қарашада Қызылорда облысы, қазіргі Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде дүниеге келген.
1932-1938 жылдары №6 мектепті, ал 1938-1941 жылдары аралығында Қызылорда қаласындағы Совет сауда техникумының үш курсын тәмамдаған. 1938-1942 жылдар аралығында Құндызды ауылдық кеңесінде хатшы болып қызмет атқарып жүрген кезінде армия қатарына алынды.
Сөйтіп станокты пулеметшілер ротасында болып, біршама уақыт өткеннен кейін танкілерге қарсы шабуылдайтын ротаға ауыстырылған /ПТР-дің салмағы 22 кг, ұзындығы екі метрден асады/.
Аяғынан алған жарақаты салдарынан ұзақ уақыт госпитальда жатып, 1943 жылы ауыр жарақатына байланысты елге оралған. Елге келгеннен кейін 1943-1978 жылы жылдары Ленин атындағы колхоз бен партияның XXI съезі атындағы совхозында 35 жыл бас есепші, оның ішінде 3 жыл бас экономист болып еңбек жолын жалғастырған. 1978 жылы зейнет демалысына шыққаннан кейін ферма есепшісі, аға диспетчер, қойма менгерушісі болып жұмыс істеген.
«Көп ұзамай Сталинградқа жол тарттық. Жолшыбай немістердің самолеттері бомбалап, ілгері жүруімізге кедергі келтіруге тырысты. Сөйтіп соғыстың алғашқы сұмдық күндерін көріп үлгердік. Тамыздың 25-і күні алаулаған от-жалынның ортасында Сталинград қаласының желке тұсына жетіп, терең сайға орналастық. Артымызда Сталинградтың трактор заводы бар дейді. Бірақ біз оны көріп тұрған жоқпыз. Тамыздың 27-күні таңғы сағат 06:00-де «шабуылға» деген команда берілді. Қарасақ, биіктен бізге қарай неміс солдаттары шабуылдап келе жатыр. Немістер осылай күнде шабуылдайды, біз қарсы аламыз. Кейде біз шабуылға шығамыз. Дегенмен осы биікті үш күн ұстадық», – деп атамыз соғыстан кейінгі естеліктерін айтып отыратын.
Атамыз Ұлы Отан соғысы мен одан кейінгі еңбектері үшін «Ерен еңбегі үшін», «Ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медалімен, І дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Ұлы Жеңіске 20, 25, 30, 40, 50 жыл», «КСРО Қарулы күштеріне 50, 60, 70 жыл» медальдарымен марапатталған.
Атам 2001 жылы тамыз айының 14 күні дүниеден өтті. Атамыз бен әжеміз 8 бала тәрбиелеп, өнегелі, саналы ұрпақ өсірді. Балаларының барлығы – жоғары білімді, еліміздің экономикасын көтеріп жүрген белгілі азаматтар. Немерелері еліміздің сан қырлы саласында еңбек етсе, шөберелері жоғары оқу орнында, мектеп қабырғасындағы үздіктер қатарында.
Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында атамыздың өр тұлғасын, тектілігін, асыл қасиеттерін еске ала отырып, әрқашан мақтан тұтамыз.
Авторы: Әйгерім Ақназарова