Телеканал Хабар

Ерімбетов Разақ (1902-1983 жж.)

Ерімбетов Разақ (1902-1983 жж.)

Менің атам Ерімбетов Разақ 1902 Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты Сойғанды ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1942 жылы Отанын жаудан қорғау үшін екі бауырымен бірге майдан даласына аттанып, от пен оқтың ортасында жүріп жан аямай күресті. 212-атқыштар дивизиясында болып, Кеңес әскерінің қатарын толықтырған. Атамның өз аузынан естіген әңгімем:

1. Бір ұрыста қасымдағы майдандас жолдасыммен бірге немістің екі солдатын тұтқынға түсірдік. Біреуі шенді офицер екен. Тұтқынға түсіру де оңай болмады. Жанкешті солдат қолындағы автоматынан айырылған соң пышақпен шабуылдай бастады.  Тірілей қолға түсіру керек деген тапсырма алған соң, атпадық. Жалаң қолмен арпалыса кеттік. Пышақтың жүзі шапшаң қимыл кезінде балтырым мен жон арқамды тіліп өтті. Соңында фашисті тұтқындадық.

2. Акопта жатып, қарсы беттен зу-зу етіп дәл жанымызға түсіп жатқан оқтан жолдастарымды арашаламақ болдым. Мылтығымды оқтап, қиан-кескі атысқа кірістік. Командирден «қарсы бет шегіне бастады, акоптан шығып алға ұмтылып шабуылдайық» деген бұйрық келді. Шабуылға шығып, қуыс-қуысты тасалап жүріп шегінген жауды өкшелеп қуып келеміз. Кенет қарсы беттен атылған жойқын оқтың бірі аяғыма тиіп қатты жараландым. Қан көп кетті. Майдан алаңынан жолдастарым сүймелдеп алып шықты. Кейіннен госпитальде дәрігерлер аяқты кесу керек деген шешім шығарды. Жалпы соғыста үш рет жараландым. Оң қолым, жауырыным, кейіннен «улы оқ» аяғым жұлып түсті.

Менің атам осылай соғыстан 1944 жылы бір аяқсыз ІІ топтағы мүгедек болып оралды. Елге келген соң ұсталық етіп, келі-келсап, шелек, күрек сынды шаруаға қажетті көптеген заттарды жасап, ауылдастарға пайдасын тигізді. Өзі 1983 жылы дүниеден өтті. Мен атамды мақтан етемін.

 

Үсен Нұрхан

Қызылорда обл, Арал ауданы, Шөмішкөл ауылы

Ерімбетов Разақтың шөбересі