Бұлантай Нұрмахамбетұлы
Атам жайлы естелік
Нұрмахамбетұлы Бұлантай 1903 жылы Алматы облысы Қаскелең ауданындағы Үшқоңыр елді мекенінде дүниеге келген. Еңбек және Ұлы Отан соғысының ардагері.
Бұлантай Нұрмахамбетұлының еңбек жолы Ораз Жандосов атындағы қорғасын қазатын кенішінде басталған болатын. Кейін Алматы жұмысшы факультетінде білім алып, соғысқа дейінгі жылдары қазіргі «Политотдел» ауылында (ол кезде «колхоз» деп аталатын) алдымен есепші, соңынан бригадир болып істеді.
Бұлантай Нұрмахамбетұлы Ұлы Отан соғысы басталғанда алғашқылардың бірі болып елін, жерін қорғауға аттанды.
Алғашқы әскери жолын Новосібір қаласында жұмысшы батальонында бастаған ол біраз уақыт әскери зауытта жұмысшы болып шыңдалады, үлкен сын сағаттарынан өтеді. Жұмысшы болып жүріп, әскери мамандықтың бар түрін әбден меңгеріп, алты айдан соң нағыз қан майдан ортасына аттанады.
1941 жылдың 14 шілдесінде алғаш рет Смоленск маңындағы Орша түбінде капитан И.А. Фроловтың батареясында атақты реактивті миномет «Катюшаның» қолданылғаны тарихтан белгілі. Бұлантай Нұрмахамбетұлы майдан шебіндегі алғашқы қадамын осындай бөлімшенің бірінен бастаған еді. Енді ол үшін жауапкершілігі мен қиыншылығы бастан асатын минометшілік курсын оқып-үйрену кезеңі басталады. Осында жүріп ол өзінің қаһарлы қаруы минометпен талай жаумен айқасып, Воронеж қаласын жаудан азат етуге үлкен үлес қосты.
1942 жылдың маусым айының басында оларды эшелонға тиеп, Мәскеуден Сталинград майданына қарай жөнелтеді. Одан соң Курск-Орел иініндегі сұрапыл шайқасқа тікелей қатысып, ел басына күн туған шақта ерлігімен таныла білді.
1943 жылдың күзінде батысқа қарай жылжып бара жатқан фашист зеңбіректерімен жекпе-жек ұрыста батареясына снаряд түсіп, оның жарықшағы Бұлантай Нұрмахамбетұлының оң қолын жұлып әкетті. Біраз уақыт әскери госпитальда емделіп, осы жылдың соңында туған ел – атамекенге оралады. Соғыстағы батылдығы мен ержүректігі үшін «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және басқа да көптеген медальдармен марапатталды.
Ауылға оралған соң да елі үшін жаралған азамат босқа қарап жатқан жоқ, бірден еңбекке араласты. Бұрыннан орысша-қазақша сауатты, басқарудың талай сын сағаттарынан өткен Бұлантай Нұрмахамбетұлына аудан басшылары көп ойланбастан Ораз Жандосов атындағы ұжымшарға төрағалық етуді сеніммен тапсырды. Ол кезде Жандосов кеншары Ворошилов атындағы ұжымшар болатын.
Бұлантай Нұрмахамбетұлына Ворошилов ұжымшарын басқару, әрине, оңайға түскен жоқ. Білімі мен жігері жеткілікті болғанымен, ол кезде халықтың әл-ауқаты, жалпы еліміздің әлеуметтік өмірі өте төмен дәрежеде еді. Оның үстіне соғыс жүріп жатқан кез. Халық бар тапқан-таянғанын майданға аттандыруда. Оның үстіне 1943 жылы қатты құрғақшылық болып, егін шықпай, халық басына ашаршылық қаупі төнген болатын.
Ел қатты күйзеліп, ер азаматына қарады. Мойныңда бүкіл ел тірлігінің жауапкершілігі туған Бұлантай Нұрмахамбетұлы қиындықтан да жол тапты. Ел ішіндегі естияр азаматтарды жиып, ең алдымен мал күтімін қолға алуды ойластырды. Бұл істе де ол өзінің ерекше ұйымдастырушылық қабілетін таныта білді. Халық Бұлантай Нұрмахамбетұлына сенді, соңынан ерді, бірлесе жүріп бір ортаға бірікті. Халық өзінің шын қамқоршысы бар екенін сезінді, өзі не көрсе де, халықпен бірге көрді. Күндіз-түні бір тынбай, іс басында жүріп, қалай да халқын ашаршылықтан аман алып қалу жолдарын қарастырды. Ақыры оның еңбегі мен үміті ақталып, халық бұл жолы аштық апатын жеңіп шықты.
Бұлантай Нұрмахамбетұлы ел ішінде қара қылды қақ жарған әділеттілігімен, шыншылдығымен, кішіпейіл де қарапайымдылығымен танылған азамат еді. Оның ел алдында еңбегімен мерейі өсіп, беделімен мәртебесі биіктеді. Ауыл ақсақалы болған Бұлантай Нұрмахамбетов талай тентекті тезге салып, талай шаңырақтың шаттығын сақтап қалды.
Екі майданда да ерлігімен ел есінде қалған Бұлантай Нұрмахамбетұлының шаңырағы бұл күнде немерелері мен шөберелерінің шат-күлкісіне бөленген.
Авторы: Нұрила Бұлантаева, Бұлантай Нұрмахамбетұлының шөбересі