Ахметбек Қосыбаев
Ленинград майданында қол бастаған жалғыз қазақ батыры – Ахметбек Қосыбаев
Атамыз көзі тірісінде қан майдан бітпей тұрып-ақ соғыс өнеріндегі шеберлігі мен ерлігі бағаланып, әскери мансабы жоғарылатылып, «Қызыл ту», «Александр Невский», «I, ІІ дәрежелі Отан соғысы», «Американ жауынгерлер» атындағы ордендермен марапатталады. Атамыздың ерліктері майдан даласында аңыз болып тарап, әскери басылымдарда жиі-жиі жарияланған.
Кеңес үкіметі шебіне жау баса көктей енгенде, атамыз 22 жастағы лейтенант еді. Ол басқарған батальон Ленинградты қорғауға қатысып, Нарва өзенінен бірінші болып өтеді. Осы жойқын шабуылда 29 елді мекенді азат етіп, екі жүз шақырымға алға жылжыған. Атамыз 1944 жылдың 13 шілдесінде 25 жасында ерліктің асқан үлгісін көрсетіп қаза табады.
Атамыз Қарқаралының зәулім-зәулім таулары мен көк орай шалғын гүлдерінің саясында сайраңдап өсіп, бақытты өмірге емін-еркін құлаш ұрып, құлшынып өскен кеңес жастарының бірі еді. Атамыз 1936 жылы мектепті бітіріп, зооветтехникумға оқуға түседі. Кейін ол 18 жасында Алматыдағы заң институтына түсіп, оны бітіріп, халық соты мамандығының дипломын алады. Бірақ іс жүзінде қызмет істеуге үлгере алмайды. 1939 жылы Қызыл армия қатарына шақырылып, Тюмень қаласындағы жаяу әскерлер учлищесіне жіберіледі. Атамызға армияның тұрмысы ұнап, жаяу әскерлер училищесін бітіріп, орта командир болып шығады.
Соғыс басталып, атамыз взвод командирі болып, Нарваның маңында бірнеше рет ұрысқа қатысады. Жас офицер атамыз ұрыстарда шынығып, талай ауыр кезеңдерді басынан кешіреді. Бірнеше сұрапыл ұрыстарға қатысады. Ұрыстың бәрінде де батырлықтың, бөлімшесін шеберлікпен басқарудың үлгілерін, соғыс тактикасын, маневрді шебер іске асыра алатындығын көрсетеді. Атамыз взвод командирлігінен батальон командиріне дейін өседі.
«Ленинградты болкададан толық азат ету үшін жүргізілген ұрыстарда Қосыбаевтың батальоны шебер қимылдады. Оның батальоны ұрыстармен 200 километр ілгері басты және 29 елді пункттерді азат етті. Елді-мекендерді азат ету үшін жүргізілген ұрыстарда Қосыбаевтың жауынгерлері ерліктің, табандылықтың үлгісін көрсетті. Гитлершілер бұл елді-мекендерді мықты бекініс пунктіне айналдырыпты» дейді атамыз басқарған батальон туралы өз мақаласында Сыздықбеков А..
Әрмен қарай, әлгі мақала былайша сабақталады: «Жаудың бір бекініс пунктін алу бөлім командирі Қосыбаевтың бөлімшесіне жүктеледі. Бұл бекініс өте мықты жасалған еді және немістер артиллерия мен минометтерден үсті-үстіне біздің бөлімшелерге қарай оқ атып тұрады. Қосыбаев жауынгерлерін шабуыл жасау шебіне орналасытырады. Біздің артиллерия жау шебіне орналасытырылады. Біздің артиллерия жау шебіне отқа ата бастағанда, Қосыбаев жауынгерлерін шабуылға көтереді. Қауырт шабуылдан кейін жаудың бекініс пункті алынды. Қол жеткен жеңісті өрістете отырып, капитан Қосыбаев шебер орап алу маневрін қоданып, сол учаскадағы жауды тылынан бөліп тастады. Оның бөлімшесі бұл жолы 300-дей гитлершілерді жойды, 50 фашисті тұтқынға алды. 12 автомашина, 2 азық-түлік қоймасын және басқада көп олжаларды қолға түсірді.
Нарва өзенінен өту үшін ұрыстарда да оның бөлімшесі жақсы қимылдады. Өзеннен бірінші болып өтіп, жаудың қарсы шабуылдарын тойтара отырып, өзеннің батыс жағалауынан табан тірейтін позициядағы біздің басқа бөлімшемізге көп күшпен шабуыл жасап, оларды тысқыра бастады. Командир Қосыбаевқа бір топ автоматшылар беріп, бөлімшеге жәрдем беруге және жау шабуылын тойтарып, жағдайды қайта қалпына келтіруге жібереді. Капитан өзінің автоматышлармен жаудың бүйірінен шығып, кенеттен соққы берді. Мұндай соққыны күтпеген жау сасқалақтап, кейін шегінді. Бөлімше жағдайды қалпына келтірді және тағы да ілгері жылжыды».
Атамыз өзінің батыр да шебер қолбасшы екендігін талай мәрте ұрыс барысында дәлелдейді. «Үкімет оның ерліктерін командирге лайық ұрысты шебер басқарғандығын жоғары бағалап, «Қызыл ту» және «І, ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапаттады. Жақында генерал оны өзіне шақырып алып, ұрыстарда бөлімшесін шебер басқарғаны үшін және батырлығы үшін алғыс айтып, сыйлыққа сағат берді» деп түйінделеді Сыздықбековтың атаулы мақаласы. Бұл жерде де атамыздың қан майданда ұрыс толастамай жатып өз ортасында мойындала бастағандығын көреміз.
«Жүректілік, қайсарлық, әскери шеберлік – Ахметбектің басты қасиеті. Оның қайнары неде? Отанды шексіз сүйгендегі ме, әлде шеңберінен шыққан ерлікте ме, айту қиын. Дұрысы – осының екеуіде. Ғажап шайқастың сен, Ахметбек! Сенің асқан батырлығыңды туған елің – Қазақстанға біз айтамыз» деп жазады «Майдан» газеті атамыздың ерліктері туралы терең толғаныс тудыра отырып. Расында бұл атамыздың ерліктерінің бір парасы ғана. Арнайы зерттеуді қажет ететін атамыздың Ұлы Отан соғысындағы сіңірген еңбегі толық зерттеліп, насихатталуы тиіс деп ойлаймыз.
Қазірде 1944 жылдың 13 шілдесі күні кескілескен ұрыста ерлікпен қаза болған атамыздың ерлігі ұмыт қалған (мүмкіндік те болмаған шығар), атамызға «посмертно» «Совет Одағының Батыры атағын» беру туралы жайды Қарқаралының Момышұлысы атанған – Шаймаран Мезгілбаев атамыз да қозғаған екен. Ол заманда одан ештеңе шықпайтыны белгілі ғой. Осы бастама негізінде түсірілген Ленинград-Карганда атты деректі фильмнің басты кейіпкерлері ретінде атамыздың анасы Күлшім анамыз, қарындасы Ркен апа және Ш. Мезгілбаев қатысқан. Батырдың жерленген жеріне анасының, қарындасының барып қайтуларына осы аталарымыз мұрындық болған.
Бүгінде Қарқаралының орталық саябағында «Азалы ана» ескерткіші бой көтерген. Әлбетте, бұл ескерткіштен екі бірдей перзентін соғыс жұтқан, Ахметбектей батырды өмірге әкелген Күлшім әженің бейнесін анық көруге болады. Қарқаралыда Ахметбек Қосыбаев атамыз атындағы көше де бар. Бұған да шүкір дейміз.
Өздерінен ештеңе асырмайтын орыс командирлерінің ортасында жалғыз қазақ жігітінің осындай дәрежеге көтерілуі, оның асқан ерлігі, туған елінің мақтауына, құрметтеуіне тұратын азамат екенін көрсетеді. Бірақ өкінішіне қарай атамыз туралы басқа түгілі өз ауылдастарының да көбісі білмейді. Бұл үлкен қателік. Бүкіл аудан мектептерінде батыр атамыздың фото суреттерімен бірге ол кісінің ерліктері жайлы деректер неге тұрмысқа? Қаражат көзі табылса, атамыздың ерлік істері үлкен зерттеуді қажет етеді. Батыр атамыздың атын мәңгі ел есінде қалдырудың жолдарын аудан басшылары қолға алса өте дұрыс болар еді.
Ахметбектей батыр атамыздың ерліктерін көрсетіп, Президенттен «Халық Қаһарманы» атағын беруді сұрасақ, ол бұл атаққа әбден лайық азамат.
Авторлары: немерелері – Төлеуқадыр Қарлығаш, Төлеуқадыр Нүртілек, Асхатұлы Алихан.