Апсан Ғаббасов (1924-1999 жж.)
Әкем туралы бір үзік ой
Атамыз Ғаппас, әжеміз Күміс әулеттен үш ұл дүниеге келген. Олар әкемнің ағасы Қайреден қан майданда Отан үшін жанын берген, інісі Нұрахмет жиырма жеті жасында қайтыс болған. Мен Ұлы Отан соғысының ардагері, әкем Ғаббасов Апсан Ғаббасұлы жайлы айта кеткім келіп отыр
Әкем 1924 жылы 1 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы Октябрь ауданы Кеңес селосында дүниеге келген. 1941 жылы әскер қатарына шақырылған және аудандық әскери комиссариатына есепке тұрған. Әкем Балтық жағалауы майданында ұрысқа қатысып, 9-гвардиялық дивизиясының құрамында болған,сонымен қатар 1944 жылғы 15 ақпаннан 1944 жылғы 12 мамырға дейін сапер лауазымында болған.
Алайда 1944 жылы 12 мамырда Тарту қаласы аумағында минаның сынықтары тиіп, сол аяғы ауыр жарақаттанды. Госпитальде емделгеннен кейін әскери қызметке жарамсыз болып, запасқа шығарылды.
1944 жылғы 5 қыркүйектегі №1813 жаралануы туралы берген анықтамасында көрсетілген. Әкемнің наградалары: « Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін» медальі және мерейтойлық медальдар.
Соғыстан кейін елге оралып, ауылымызда бас мал дәрігері қызметін атқарған, өте білімді, сауатты, мейірімді, қолы ашық жан болған.
Әкем анам Күләш Қазбекқызы екеуі жеті қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірді. Анам қиын-қыстау заманға қарамай, базда күзетші болған, сауыншы да болған, тоқта да жұмыс істеген. Өзінің қатарластарының озаты болған. Екеуінің бастарынан қандай ауыртпашылық өтсе де, мойымай, балаларының бәріне жоғары білім берген. Көздері тірісінде ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, олардан он үш жиен, жеті немере, он бес жиеншар сүйіп, армандары орындалды. Қазіргі таңда немере, жиендері шетелде, Қазақстанның түкпір –түкпірінде білім алуда.
Немерелерін, жиендерін қастарынан қалдырмай, бәрін бірдей көретін. Көрген-білгендерін, өмірден түйгендерін айтып, еңбекке баулып, адалдыққа тәрбиелеп өсірді.
Қазір қарап отырсам, әкем мен анам «орталық нүкте» секілді, ал балалары, немерелері мен жиендері солардан тараған тармақтар.
Әкем 1999 жылы 13 желтоқсанда 75 жасында Ұлы Отан соғысының 55 жылдық мерейтойының қарсаңында дүниеден озды.
Өз басым сіздердің көздеріңізді көріп, ақылдарыңызды естіп, соғысты, аштықты бәрін өз көздерімен көрген жандарды көргеніме ризамын. Сол үшін сіздермен болған әрбір күн, мәңгілік жадымызда қалады. Жандарыңыз жәннәтта, тәндеріңіз рахатта болсын.
Авторы: қызы: Рахима Апсанқызы