Зәкен Бижанбеков
Әкеміз Зәкен Бижанбеков Балқаш көлі жағалауындағы Тасарал қонысында балықшы-шаруа жанұясында 1925 жылы наурыздың 6 жұлдызында дүниеге келген. Әкесі Бижанбек Қаракесектің ішінде билік айтқан, қатардағы адам болғандықтан халық қадірлеп «Би аға» деп атап кеткен. Әкеміз Зәкеннің айтушы бойынша әкесі Бижанбек 20 жасында Ағыбай Батырды бірнеше рет көріп, қолынан дәм татыпты. Батыр баба Бижекеңнің әкесі Тұрабайдың үйіне үнемі келіп тұрған.
Әкеміз Зәкен Балқаш қаласынан 11500 жауынгердің бірі болып 18 жасқа толар-толмастан 1942 жылы 7 тамызда «Қызыл әскер» қатарына алынып, майданға аттанған.
Әкеміз бірінші Украина, үшінші Белоруссия, төртінші Украина, Одер айқасында, Курск доғасында, Шығыс Пруссия жерлеріндегі майданға қатысқан. Соғыста сапер болған. Ол барлық әскери-инженерлік жұмыстарды дер кезінде орындай білген. Саперлер көпірлер салып, жаудың жол қатынасын бұзды. Дзоттар мен траншеялар қазды. Әскери-инженерлік полктің солдаттары үнемі жау оғының астында жүріп, соғысқа қатысты. Сондықтан олар үнемі қапыл қалмау жағдайларын қарайластырады. Міне, осы кек жолында Рейхстаг үстіне тігілген туды миллиондаған қолдар жеткізді десек, соның бірі – «әкеміздің қолы» деп айтар едік.
Әкеміз Курск, Орлов қалаларын азат етіп, «Ерлігі үшін» медалімен, Сиваш, Симферополь, Севастополь қалаларын азат етіп, «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Үздік сапер» белгісімен, Кенсберг қаласын азат еткен үшін «Екінші дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталған.
Төртінші Украина майданындағы Севастополь бригадасының 63 жекелеген инженер-сапер батальоны бойынша 1943 жылы 12 маусымда шығарылған 200/н бұйрығына сәйкес, әкеміз «Үшінші дәрежелі Даңқ» орденіне ұсынылған екен, бірақ сол жолы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Өйткені оған дейін әкеміз «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған еді. Осы «Қызыл жұлдыз» орденімен марапаттау жөніндегі қағазында әкеміздің 21.12.1943 жылдан 10.03.1944 жылға дейін Сиваш арқылы салынған тоған (домба) құрылысына қатысқаны жазылыпты. Барлық жұмыста нормасын 1,5 есеге дейін орындапты. «Жолдас Бижанбеков өз бөлімшесінің құрамында 2400 вагонетканы топырақпен толтырып, 600 вагонеткадан топырақты түсірді».
1944 жылдың 10-11 ақпаны күндері Сиваштағы күшті дауыл кезінде Сиваштың тұзды суық суында ұйқысыз тыныш көрмей 22 сағат жұмыс істеді. «Жалғыз өзі тоған арқылы вагонеткамен 500 метр қашықтыққа 13 тонна оқ-дәрілерді жеткізді, соның 5 тоннасын өміріне қауіп төнгеніне қарамастан жауып тұрған зеңбірек оғының астында тасып шығарады» деген жолдарды оқығанда жүрегімізді мақтаныш сезімі билейді. Осы ерлігінен кейін 21.03.1944 жылы әкеміз «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталыпты. Ал 1945 жылдың 26 наурызында үшінші Белорусь майданының 44-ші атқыштар корпусы құрамаларына шығарылған №63 бұйрыққа сәйкес, 886-шы жекелеген сапер батальоны бойынша бөлімше командирі, кіші сержант Бижанбеков Закен «Екінші дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталған.
Марапаттау парағында жауынгерлік ерлігінің қысқаша мазмұны берілген: «Неміс Шығыс-Пруссиядағы топтарының көзін жоюға жасалған шайқастарда жолдас Бижанбеков өзінің тәжірибелі, ержүрек жауынгер екенін көрсетті.
Бенкенвальд Хассельпуш ауданында немістердің қорғаныс шебін бұзу кезінде және жауды жағалауға ығыстырудағы өлім таяғын соққан ұрыстарда жолдас Бижанбеков 58 минаны залалсыздандырып, жолдың 5 шақырымын миналардан тексеріп шықты. Хаилигенсбиль қаласына батыл бұзып-жарып жаудың траншеясына түсіп, қоян-қолтық ұрыста 7 гитлершілдің көзін құртты және немістерді қуа отырып, қала шетіндегі кварталға баса көктеп кірді». Жаудың жағаға жармасқан шабуылына тойтарыс бере отырып, жолдас Бижанбеков өз автоматымен 4 немістің көзін жойды, үйлерді босатып, бекінуге мүмкіндік берді» деп әкеміздің ерлігін нақты көрсеткен екен 886-шы жекелеген сапер батальонының командирі подполковник Прокофьев.
Соғыс жылдары үш рет жарақат алған. 1943 жылы18 тамызда және 1944 жылы жеңіл жараланған. Украина, Белорусь елдерін жаудан азат ете отырып, жолдағы Польша, Румыния, Чехословакия, Шығыс Пруссия шекарасынан өтіп, Латвияның Каунас қаласын жаудан босатарда, бұл 1944 жылы қыркүйектің 21 күні түнгі сағат 2-лер шамасында, неміс-фашист басқыншыларының құрған минасы жарылып, бастан жарақат алған. Екі көзі күйіп көрмей қалады. Жарты айдай, «Полевой госпитальда» емделіп, табан жолын көрген соң Каунас қаласындағы «Армейский госпитальда» екі жетідей емделіп, көзі жазылған соң қайта соғысқа аттанған.
Берлинді азат етуде, Жоғарғы Бас қолбасшы И.В.Сталиннің бұйрығымен 1945 жылы мамырда «Отан қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» медалімен, Алхыс хатпен марапатталған». Отанамыздың игілігіне адал қызмет көрсеткіні үшін маршал И.Коневтың қолы қойылған Алғыс грамотаға ие болыпты.
Әкеміз соғыстан алған ауыр жарақаттан соң емделіп, елге 1949 жылы ғана оралған. Үйдегі жалғыз ер бала болғандықтан, Әкеміз еңбекке ерте араласып, ерте есейді.
Сарышаған депосының локомотив бригадасының алғашқы мүшесі болды. Бұл-бесінші бесжылдықтың қарқынды бастамасының қызған шағы кезі. Алматы теміржолының, Сібір мен Орта Азияны қосатын үлкен жолдың жауапты учаскенің бірі осы еді. Ол бес жылдық жылдары тарихқа еңбек жолының жаңа өрісінің тууымен енген шақ еді. Міне, соған әкеміз Зәкен де өз үлесін қоса білді.
Әкеміз Зәкен Сарышаған станциясындағы темір жол депосында жылу қоймасының басшысы болып 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп зейнетке шықты. Бірнеше жыл ауылды Советінің депутаты болды. Мектепте жиі болып тұратын. Сымбатты тұлғасымен қоңыр дауысымен түрлі кездесулерде оқушыларды тез баурап алатын. Оқушылардың сүйіктісі болатын.
Әкеміз Ұлы Отан Жеңістің 60-жылдығын көріп кетті. 1985 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен неміс-фашист басқыншыларына қарсы күресте көрсеткен Ерлігі үшін және Ұлы Жеңістің 40 жылдығы құрметіне орденмен марапатталған. ТМД үкіметтері Басшылары кеңесінің 1995 жылғы 26 мамырдығы шешіміне сәйкес «Кеңес Одағының Батыры Г.К.Жуков» медалімен, сондай-ақ Ұлы Жеңістің 20, 30, 50 жылдығы мерекелік медальдарымен марапатталды. Бұдан басқа КСРО Қарулы Күштерінің 60 және 70 жыл мерекелік медальдарының иегері. 2009 жылы Белоруссияны азат етуге 65 жыл толуына байланысты Президент А.Лукашенконың мерекелік медалін алған.
Анамыз Әсемкүл екеуі 11 бала – 4 ұл, 7 қыз тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-шөбере сүйіп, 58 жыл бірге отасып 84 жасында өмірден озды.
Артында қалған ұрпақтары даңқты Аталарын құрмет тұтады, ұмытпай жыл сайын басына барып құран бағыштап тұрады.
Авторы: ұлы Мейрамқұл Зәкенұлы