Қасым Ермекбаев
Менің Атам – менің Мақтанышым!
Менің атам Қасым Ермекбаев 1909 жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданы №10 ауылда дүниеге келген. Сол ауылдың мектебінде орыс тілі пәнінен мұғалім болып қызмет атқарды. 1942 жылы Ембі жерінде жинақталған 17-атқыштар полкінің құрамында соғысқа аттанған.
Майдан жолын Мәскеуді қорғаудан бастап сол өңірдегі Смоленск, Рязань, Раменск, Мурм және Орехово-Зуево қалаларын қорғауға қатысқан. Кейінгі жылдары Украина, Белорусь, Литва, Румыния жерлерін азат етуге қатысып, барлығы 50 рет әскери ұрысқа кірген.
1944 жылдың 22 шілдесінде болған ұрыста атам сол жақ кеудесінен ауыр жарақат алып, емделу барысында туберкулез жұқтырып, сол госпитальда 22 қыркүйекте қайтыс болды. Рязань қаласындағы Бауырластар зиратында №268 жерленген.
Қасым атаның елде қалған әкесі Алмасбай атам да соғысқа көмек ретінде танк құрастыруға 100 мың сом ақшасын аударған. Атамыз соғысқа аттанғанда жұбайы әжем Айымгүл және балалары Ертай 6 жаста, Жұмағали 3 жаста болған. Аталарым әкелерінің жерленген жерін іздеп, көзі тірісінде көріп-біле алмай өмірден өтті. Әке аманатын арқалаған ұрпақтарына 2015 жылы Қасым атамыздың басына құлпытас қою бұйырды.
Бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған аталар ерлігі, жеңіске қосқан Қасым атамның ерен үлесі ешқашан ұмытылмайды. Менің Атам – Менің Мақтанышым!
Авторы: шөбересі Айғаным Жұмағалиева