×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 154

Қоғам

Үкіметте 2018 жылғы экономикалық өсім бағыты белгіленді

Үкіметте 2018 жылғы экономикалық өсім бағыты белгіленді

Қарапайым смартфон арқылы мал бағу, жер серігіне қосылып, егістік алқаптарын бақылау.

Құлаққа біртүрлі естілгенімен, бірер жылдардан кейін бұндай құбылыс қазақстандық шаруаларға үйреншікті іс болып кетеді. Агроөнеркәсіпті технологиялық қайта жарақтандыруды қолға алған ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері осылай дейді. Бүгін Үкіметте саланы цифрландыруға қатысты есеп берілді.

Үкіметтің бүгінгі басқосуында елдің 2018 жылға арналған экономикалық саясаты белгіленді. Биылғы жылы барлық салалар мен бағдарламаларға цифрлық бағыт беріледі. Сондықтан межелеген мақсат-міндет зор. Мәселен, 2017-де елдің экономикалық өсімі 4 пайызды құрап, инвестициялық түсім 2016 жылмен салыстырғанда 5,5 пайызға артқан. Енді осы макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін биылғы жылы бюджет жетіспеушілігін 1,1 пайызға дейін төмендету арқылы, елдің сыртқы қарызы мөлшерін жалпы ішкі өнім көлемінен 20 пайыз деңгейінде ұстау көзделіп отыр. Икемді салықтық жүйе құрып, мемлекеттік әкімшілендіруді жеңілдету, сондай-ақ тексерістерді төмендету арқылы орта бизнеске қолдау көрсетіледі.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

– Бизнесті құқықтық реттеу мәселесін жетілдіру заңнамалық деңгейде қарастырылады. Биыл бақыланатын 114 саланың 25-ін және қадағаланатын 18 саланың 3-уін қысқарту жоспарда бар. Сондай-ақ жалпы тексерістерді 30 пайызға азайту да көзделіп отыр.

Экономикалық өсімді қамтамасыз ететін тағы бір бағыт – көлік логистикасы.

Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында орталық-оңтүстік және орталық шығыс дәліздері құрылысы жалғасады. 500 шақырым жол ақылы жүйеге көшіріледі. Биыл индустрияландырудың үшінші бес жылдығының  жоспары жасалады. Оның негізінде экономикадағы жоғарғы технологиялық өндірістердің үлесі арттырылмақ. 

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

– Мәселен, тау-кен саласында пайдалы қазбаларға қол жеткізу үшін ақпараттық платформалар пайдаланылады. Осылайша, барлық өнеркәсіптерді біртіндеп цифрлы технологияларға көшіріледі. Айта кетері, биыл мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмысы аяқталады. Нәтижесінде ішкі нарық сапалы К4 және К5 бензинімен қамтылады.

Агроөнеркәсіптік кешен де сандық технологияларға көшіп жатыр. Мәселен, Ақтөбедегі ұн диірмені заманауи қондырғылар орнатып, электр энергиясы шығындарын 3 есе азайтқан. Үнемделген қаржыға жайма мен кеспе жасау цехін ашу мүмкін болды. Қазір диірменнен бөлек, дайын тауар өндіруге көшкен комбинат басшылығы өндірісті толығымен жаңартуды көздейді.

Қанат Тапаев, серіктестіктің бас директоры:

– Қазіргі таңда біз өндірісті 70 пайызға жаңарттық деп айтсақ болады. Серіктестіктің 5 жылдың даму стратегиясына сәйкес алға қойған жоспарымыз да бар. Біздің мақсатымыз – жақын уақытта диірменді толықтай заманауи технологиямен қамтамасыз ету.

Ал Қостанай облысында кәнігі диқан Ибраш Естаев осыдан үш жыл бұрын автоманаттандыру жүйесін енгізе бастаған. Қазір оның барлық комбайны жерсеріктік навигациясымен жарақталған. Қойма, қырман, жанармай құю орындарында электронды бақылау құралдары орнатылған. Осындай жаңа технологиялардың арқасында өндірістік шығынды  30 пайызға дейін қысқартқан.

Арман Евниев, ҚР Ауылшаруашылығы министрінің бірінші орынбасары:

– Агроөнеркәсіпті технологиялық қайта жарақтандыру аясында IТ технологияларды, оның ішінде нақты егіншілік технологиялары мен Smart-фермаларды пайдалануға бизнесті тарту үшін жағдай жасалатын болады. Мәселен, электрондық карталарды енгізіп, егіс және егін жинау жұмыстарын онлайн-мониторингілеу мен бақылауды жүзеге асыру ісі қолға алынады. Бұл жұмыс мерзімдерін қысқартып, өнімділікті арттырады. Шығындарды 25 пайызға азайтады.

Агроөнеркәсіпті сандық жүйеге қосу үшін ауыл-аймаққа жоғары жылдамдықты интернет тарту қажет. Бұл іспен ақпарат және коммуникациялар министрлігі айналысып жатқаны белгілі. Министр Дәурен Абаевтың айтуынша, бұл жұмыс алдағы екі жылда толық тәмамдалады.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

– Өнеркәсіп кешенінің дамуына серпін беретін шараның бірі – ҚР ауылды мекендерін талшықты-оптикалық байланыс жүйелері технологиясының көмегімен кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жобасы. 2020жылға қарай 20 мыңға жуық километр талшықты оптикалық байланыс желілерін орнатып, 1249 елді мекенді интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. 

Жиын қорытындысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев агроөнеркәсіп кешенін цифрландырудың тиімділік көрсеткіштерін қайта қарауды, сондай-ақ «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Жол картасына енгізілген елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуді жеделдетуді тапсырды.

Авторлары: Жұрағат Баман, Ерсін Мұхамбеталин