Телеканал Хабар

Ахметұлы Қабдол (1902-1944 жж.)

Ahmetuly Kabdol

Жеңіс!
Қандай құдіретті сөз еді. Осы бір сөзге төрт жылдай теңселген дүниенің қайғы-қасіреті, ащы азабы, тәтті арманы, ой-қиялы сыйып жатыр. Оның жолында қаншама қанды лайсаң қалды, қаншама қаһарман құрбан болды. Сол обаларда отыздап, қырықтап жауынгерлер жатыр. Жанып тұрған жауынгерлердің жүрек қандары емес пе?!
Сол от пен жалынға оранған жылдарды менің атам мен әжем де басынан кешірген. Атам Ахметұлы Қабдол 1902 жылы Гурьев облысы, Есбол ауданы, Бөдене селосында дүниеге келген. Сұрапыл соғыстың 1942 жылы боранды ақпанында Елтай селосынан Отанын қорғауға аттанады. Артында жан жары, менің әжем Қожаққызы Өзипа 4 баламен елде қалады. Әкем Қабдолұлы Есенгелді – атам мен әжемнің кенже ұлы. Әкем балғын балалық шағын қанды соғыс, сұрапыл майдан жылдары өткізеді.
Атам Қабдол алғашында Сталинград түбіндегі шайқасқа қатысады. Артынан Белоруссия елі, Витебск облысы, Леозинский ауданы түбіндегі ұрыста жаумен шайқасады.

1944 жылы осы аймақта болған үлкен шайқаста атам ауыр жарақат алып, Витебск облысы, Погостище селосындағы госпитальға жеткізіледі. Жау қолынан алған ауыр жарақаты емдеуге келмей, 1944 жылдың 14 маусымында атам қаза табады. Сол елде соғыста қаза тапқан басқа жауынгерлермен бірге 18 бейітте жерленеді.

Атамыз бұл соғыста ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен және «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.

Біз атамыздың Отанын қорғауға қосқан үлесін, қайсарлығын, әрдайым мақтан тұтып, ерлік ретінде еске аламыз. Белоруссия елінде қалған атамыздың мәйітіне ұрпақтары тағзым етіп қайтты.

Қазір Атырау облысы, Индер ауданы, Елтай селосындағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіш тақтада жəне Атырау қаласында орналасқан Жеңіс саябағындағы ескерткіш тақтада атамыздың есімі жазулы тұр.

Ұрпағының амандығын тілеген атамыздың ақ тілегі шығар, оның жары Қожаққызы Өзипа 4 баладан 19 немере-жиен, 40 шөбере сүйіп, дәулеті мен әулеті асқан 96 жасында дүние салды.
Қан майданның төрінде жаумен жанын қия айқасқан батыр атамның рухына бас ие отырып, бізге қалдырған кең байтақ азат елінде, бейбіт шақта өмір сүргенімізге алғысымыз шексіз. Мың тағзым сіздерге!

Авторы: немересі Қабдолтегі Есенгелдіқызы Бақтыгүл