Телеканал Хабар

Қыдырмағамбетұлы Нұралы (1902-1975 жж.)

Nuraly Kydyrmagambetuly

Менің атам Нұралы Қыдырмағамбетұлы 1902 жылы Абай ауданы, Мұқыр ауылында дүниеге келген. Кішкентайынан қақ-соқта жұмысы жоқ, ескіше сауат алған жуас адам болған көрінеді.

1941 жылы ағайынды Нұралы мен Нұрғали соғысқа аттанады. Інісі Нұрғали 1943 жылы Днепр шайқасында ерлікпен қаза тапқан.

Нұрғали атамыз Тілеубек ағам мен Торғай апамның айтуы бойынша 1940 жылы 22 жасында Мәскеуге әскери шақыру алады.

1941 жылдан бастап соғысқа аттанып, взвод командирі (ефрейтор) болған. Соғыс кезінде жауынгерлерге рух беріп 15 минуттық ән салған (Тілеубек ағама берген журналистің дерегі бойынша).

Нұралы атам Москва, Украина, Белоруссия майдандарына қатысып, 1943 жылы минаның ұшқыны тиіп, ауыл жараланып, елге оралған. ІІ топ мүгедегі болып қалады.

Сол минаның ұшқыны тиген оң жақ иығы шұңқыр боп тұратын. Кішкене күнімде қолымды тығып: «Не болған?», – деп сұрайтыным есімде. Өлілермен әкетіп бара жатқанда күші жоқ, ыңырсыған әлсіз дауысын естіп, орыс ұлты жараланғандардың госпиталіне апарыпты (ағайым айтты).

Атам оң саусағынан өнер тамған ұста болған. Ұлы Абайдың 100 жылдығына киіз үй, желкөз, торкөз басқан. Киіз үйлері Абай, Шұбартау, Абыралы ауылдарына таратылып, 1945 жылы тамыз айының 10 күні Ақжар бойында Абайдың 100 жылдық тойына тігілген.

Соғыстың зардабы салдарынан ауырып, 1975 жылы 6 шілдеде өмірден өтті. Нұралы, Нұрғали аталарымыздың ерлігі мәңгі жүрегімізде.

Жалғыз ұлы Тілеуғабылдан Нұралы атам 10 немере сүйді. 7 немересін көріп кетті.

Авторы: Гүлбаршын Нұралина