Телеканал Хабар

Мәліков Әли Мәлікұлы (1915-1993 жж.)

Мәліков Әли Мәлікұлы (1915-1993 жж.)

Тар жол тайғақ кешу заманның небір соқпақтарына ілесіп, ертеректе ата-анасы және бауырларымен Қарағанды қаласының маңына көшіп келеді.

1941 жылдың желтоқсан айында 27 жасында әскер қатарына алынып, Чкалов қаласындағы 3 айлық әскери дайындықтан өтеді. Әскери дайындықты аяқтаған соң, 1942 жылдың наурыз айында Калинин майданындағы 117-ші атқыштар полкіне елін, туған жерін фашистерден қорғау үшін қан шайқастың тап ортасына түседі.

Жауынгер Әли Мәліков соғысқа жалғыз аттанбады, өзінің соңынан ерген жалғыз інісі Адамбай Мәліков те көп ұзамай майдан шебіндегі қатарға қосылады. Қос құлынын соғысқа аттандырған әкенің екі көзі жасқа, кеудесі шерменге толып, кемсеңдеп қала береді.

Айналасы адам жаны түршігетіндей, өрттей қызған қан шайқас, судай аққан қан, аспаннан қарша жауған оқтар, жерде жарылған бомбаның ортасынан жанын аямай жаумен жағаласқан жас жауынгер Әли Мәліков 1942 жылдың 18 сәуірінде Ржев қаласының түбінде оқ тиіп жараланып, дала ауруханасына түседі. Ауруханада ем алған соң, жарасы жазылар жазылмастан жандүниесін жауға деген ыза буған қайсар жауынгер 1942 жылдың күзінде Брянск майданы 1223-ші атқыштар полкіне түсіп, сұрапыл соғысқа қайта оралады.

Жас шағының шуақты кезеңінде қан майданның ақ қар, көк мұзын кешкен Әли Мәліков 1943 жылдың 27 маусымында соғыстың толассыз шиеленіскен шағында қатты жарақат алады. Сол жарақаттың зардабынан госпитальде 6 ай емделіп, 1943 жылдың 10 желтоқсанында соғысқа жарамсыз болып елге оралады. Елге қайтқан соң да мазасыз күндер, ұйқысыз түндер өткізеді, сәл көзін жұмса, көз алдына қан жосыған майдан даласы, құлағына зеңбіректер дауысы келіп, өзін-өзі қоярға жер таба алмай, ұзақ уақыт өз-өзіне келе алмайды. Көп ұзамай інісі Адамбай Мәліковтен соғыстан аман-есен оралып, қарт әкелерін, отбасыларын, туған-туыстарын қуанышқа бөлейді.

Әйтсе де елге оралған жауынгерлер, соғыстан кейінгі қираған шаруашылықтарды қалпына келтіруде аянбай еңбек еткен.

Соғыс басталар алдында ғана қосылған жұбайы Сара Жұматайқызы да тылдағы соғысқа қатысқан. Карағанды-Сұрыптау стансасындағы «Локомотив» депосында эшалондарға майданға түрлі техникалар мен қажетті бөлшектерді, оқ-дәрілерді дайындап тапсырып, қираған жарамсыз бөлшектерді жөндеуге қабылдап алады екен. Соғыс тәртібі мен талабының жоғары болғандығы соншалық, келген адамдарға керек бөлшектерді нөмеріне сәйкес жылдам тауып беру, майданда жүргендей ауыр жұмыстың бірі болған. Мұндай қиындықты көрген жас келіншек ата-енесіне көз жасын көрсетпей, соғыстың тезірек аяқталып, жұбайының елге аман-есен оралуын асыға күткен.

Қарағанды педагогикалық институтын бітірген Әли ұстаздық қызметін соғыстан кейін де жалғыстырып, ғұмырының 55 жылын жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге арнаған. Еңбек жолы қазіргі Ақмола облысының Аршалы кентіндегі (Вишневка) орта мектептің директоры және Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданындағы мектептерде өткен.

Ұлы Отан соғысының ардагері Мәліков Әли жауды жеңуге қосқан үлесі үшін көптеген медаль және орденмен марапатталды.

Жұбайы екеуі алты бала тәрбиелеп өсіріп, бәріне жоғары білім берді. Әкемнің әулетінде 15 немере, 29 шөбересі бар.

Әкем Мәліков Әли Мәлікұлы 1993 жылы 78 жасында дүниеден өтті. Бүкіл адамзат тойлайтын Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында мен де асқар таудай әкемді сағынышпен еске аламын.

Әкемнің асқақ бейнесі барда мерейіміз үстем еді. Бізге бақытты болашақ сыйлаған, биікте өрелі ақыл-ойымен жөн сілтеп, адалдыққа тәрбиелеген, ақ жолға бағыт берген әкеміздің рухы мәңгі жасасын!

Жеңістің 75 жылдық мерекесі құтты болсын.

Авторы: Қызы, Нурсауле Алиевна