Телеканал Хабар

Еңсебаев Мағыпыр (1918-2006 жж.)

Еңсебаев Мағыпыр (1918-2006 жж.)

Соғыс және еңбек ардагері Мағыпыр Еңсебаев Қарағанды облысы, Қу ауданы, Балықтыкөл ауылында 1918 жылы Еңсебай мен Несіптің отбасында өмірге келіп, бала кезінде сол асыл ата-анасынан ерте айырылып, жетімдікті бастан кешірді. Халқымызда «жолдасы көптің жорғасы көп» деген сөз бар. Жастайынан жетімдіктің зардабын көрген Мағыпыр атамыз достыққа адал болды. Ауылдастары – Бәкен, Мұқан, Ғаббас секілді жанашыр жақын достарымен сабақты бірге оқып, бір біріне ақылшы әрі өте тату болады.

1939 жылы 7 класты бітірген соң, Қарқаралы қаласындағы Абай атындағы мұғалімдер училищесінде түсіп, екінші курста оқып жүргенде әскерге шақырылады. Омбыда дайындықта жүргенде бір күн ертесін шұғыл дабыл қағылып, бүкіл бөлімді сапқа тұрғызады. Командирлер финдермен болып жатқан шайқастар туралы хабарлама жасап, сол ұрыс алаңдарына барып қалулары мүмкін екендігін айтып ескертіп өтеді. Жауынгерлер әлденеше күн орман ішінде жертөле қазып, палатка құрып алдағы күндерге дайындық жасап тұрып жатады. Кеңес әскерлерінің Солтүстікте тұрған бөлімдері аз уақыт аралағында жауға ойсырата соққы беріп жеңіске жетті деген хабар да келеді. Батыстағы соғыстың лебі сәл саябырсыған сол шақта шығыста жапон милитаристері бас көтеріп жатқанды. Соған байланысты бұл бөлімдер жедел түрде соңдағы шекараға жеткізіліп, біраз уақыт Владивостокта тұруға тура келеді. Мұнда Мағыпыр ақсақал ауыр авияциялық бомбалар жасайтын зауыттың арнайы күзет бөлімінде болады.

Фашистік Германия елімізге опасыздықпен шабуыл жасап, одан соң соғыс өрті шиеленіскен аса күрделі кезенде шығыстан көмекке аттанған құрамалар сапында осы бөлім де болды. Мұнда келіп жылдам түрде қайта жасақталған полктардың жердегі әскерлерді әуеден қорғайтын дивизионына түсіп зенитші болып, ауыр шайқастарға түседі. 4-Украйн майданы құрамында еліміздің жерін неміс басқыншыларынан азат етуге қатысты. Әскерлерімізді жау самолеттерінен қорғап, шабуылға шыққан бөлімдерге жәрдем жасап, дем беріп соғысып жатты. Ел шеті жаудан азат етілген соң, Карпат таулы аймағында көршілес Чехословакия; Польша, Венгрия жерлерінде жүргізілген ірі ұрыстарға қатысты. Көптен күткен Жеңіс күнін де соңда, майдан даласында қарсы алды.

Соғыс даласында жүріп қан кешкен шағымызда осында бейбіт өмірге жетеміз деп ойлаған жоқ едім. Несін жасырайын, енді қайтып елімді, жерімді көремін, топырағын басып, ауасын жұтамын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмейтін. «Тәуба осы шаққа жеттім», – деп еске алып отыратын еді атамыз.

Атамыздың алапаттан аман қалуы бүгінгі ұрпақтарының несібесі болар. 1946 жылдың мамыр айында Мағыпыр ата туған ауылына келіп, зайыбы Күләш әжемізбен көңіл қосып, отау құрып, 59 жыл отандасты. Қашанда еңбек ширатады, өмір үйретеді ғой. Төзімді, соғыс сұрапылын көрген жан бейбіт еңбекте де берекелі істер атқарды. Алдымен Комсомол, қазіргі Балқантау ауылында почта, оның ішінде ақша тасушы болып істейді. Кейін Егіндібұлаққа келіп осындағы кәсіптік-техникалық училищеге жұмысқа орналасады. Ұзақ жылдар бойы осы мекеменің комендаты болып істеп, зейнеткерлікке шығады.

Атамыз 2006 жылы 88 жасында бойындағы әскери тәртіпті жоғалтпай, бойын тік ұстаған қалпында дүниеден озды.

Жұбайы, тыл ардагері Құсайынова Күлашпен сегіз бала тәрбиелеп өсіріп, немере-шөбере сүйді. Балаларын адалдыққа, еңбекке баулып, біреудің ала жібін аттамай, татулық пен бірлікте өмір сүруге тәрбиеледі. Аталарының әр айтқан сөзін өсиетке балап өскен ұрпақтары Мағыпыр атасының атына кір келтірмей, береке-бірлігі жарасқан әулет болып отыр.

Авторы: немересі Айнұр Мағыпырова