1918 жылы бұрынғы Кеген ауданы, Жалаңаш ауылында дүниеге келген атамыз Иса Жендеев – ел басына қасірет әкелген сұм соғыстың куәгері. Жиырмадан енді ғана асқан жалынды жас 1939 жылы әскерге шақырылып, Финляндияға қарсы соғысқа аттанып, әскер бригадасында жүріп, майданға қатысқан. Кейін командир курсын бітіріп, 1941-1944 жылдары Ұлы Отан соғысында взвод командирі болып, оқ пен оттың қақ ортасында болған. Ұйымдастырушылық ерекшелігі мен әскери шеберлігінің арқасында аға-лейтенант шенін алады. 1942-1943 жылдары Сталинград шайқасына тікелей қатысып, майдандастарымен бірге соғыстың нағыз ортасынан шығады. 1944 жылы Қырымның Сапунгора шайқасында ауыр жарақат алып, госпитальге түседі. Әскери міндетін соғыс шарпыған майдан даласында өткізіп, аман-есен елге оралады.
Жаралы жауынгер туған топыраққа келгеннен кейін қызу еңбекке араласып, ауылдың экономикасын көтеруге қосқан үлесі үшін «Ленин» орденімен марапатталды. 1944 жылдан 1949 жылға дейін Қызыларасан МТС-ында көлік жүргізушісі, 1949-1950 жылдары тракторшы, 1950-1957 жылдарда Еңбекшіқазақ ауданындағы Түрген селосында механик-комбайнер болады. Осылайша қолына қару алып, жанын түйіп жүріп, Жеңістің жемісін жеп, отбасын құрып, бір ұл, екі қыздан алты немере, тоғыз шөбере сүйді. Өзі туып-өскен Жалаңаш ауылындағы бір көшеге аты берілген. Атамызды тек Жеңіс күні қарсаңында ғана емес, үнемі үлгі тұтып, немере-шөберелеріне атамыздың есімін мақтанышпен айтып, жанымызға сіңіріп келеміз. Осылайша атамыздың есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталатынына сеніміміз мол.
Атамыздың соғыс және еңбектегі жетістіктері:
Авторы: Жендеева Сания Амантаевна