Хабар телеарнасы

Капсалямов Құдайберген (1925 жылы туған)

Капсалямов Құдайберген 1925 жылы 20 қыркүйекте Павлодар облысы, Тереңкөл ауданының Федоровка ауылында дүниеге келді.

1943 жылдың қаңтар айында 17 жасында майданға аттанады. Екі айлық курс өтіп, Забайкальедегі әскери гарнизонға келеді. 209-атқыштар дивизионының жекелеген 34 танкке қарсы қолданылатын зеңбірек расчетында қатардағы жауынгер атанады. Көп ұзамай зеректігімен көзге түскен ол зеңбірек расчетының нысана көздеушісі (наводчик) мамандығын меңгеріп шығады. Бұл кезде Варшава Берлин бағытындағы сұрапыл шайқас үдей түскен.

Беларусь майданының танкке қарсы қолданылатын 5369 нөмірлі 45 мм жойқын зеңбірегімен 76-гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамына кіріп, халық үшін, ел үшін қантөгіс шайқастарда тайсалмай адал қызмет етеді.

Осылай 2 жыл 9 ай неміс басқыншыларымен шайқасып, Варшава, Кунто, Познань, Лодзь, Кюстрик, Франкфурт, Фюрстенвальд қамалдары мен Одер өзені және жаудың соңғы бекінісі Берлин қаласын азат етуге қатысады.

Бірнеше рет қатты жаралы болған.

1950 жылы шілде айына дейін Совет өкіметінің армия қатарында қызмет етеді.

1952 жылы отау құрып, Павлодар қаласында милиция қатарында еңбек етеді.

1967 жылы Ақтоғай ауданына «Еріктілер өрт сөндіру қоғамының аудандық кеңесінің төрағасы» болып тағайындалады. 1985 жылға дейін осы лауазымда қызмет етіп, зейнетке шығады.

Қазіргі уақытта қария 4 бала, 10 немере, 17 шөбере бағып отыр.

Наградалары:

  • 2 рет ІІ және ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен;
  • 2 мәрте І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен;
  • «Варшаваны азат еткені үшін» медалімен;
  • «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен;
  • «Берлинді азат еткені үшін» медалімен;
  • «Германия маңындағы жеңісі үшін» медалімен марапатталды.
  • КСРО Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы И.В.Сталин және Совет Үкіметінің армия генералы В.И.Чуйковтың алғыс хаттарымен марапатталады.