Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен «Хабар» Агенттігінің құрылуы шамалас уақытта басталды. 1994 жылғы 20 мамырда Алматы қаласындағы Қазақ телевизиясының ақпарат қызметінің базасында «Қазақстан телевизиясы мен радиосы» республикалық корпорациясының құрылымында «Хабар» ұлттық телевизиялық ақпарат агенттігі құрылды. Сол кезде «Хабар» брендімен алғашқы жаңалықтар бағдарламасы эфирге шықты.
1995 жылғы 23 қазанда Үкіметтің қаулысымен «Хабар» Агенттігі республикалық мемлекеттік кәсіпорын ретінде құрылды. «Хабар» Агенттігіне «Қазақстан-1» телеарнасында хабар тарату уақыты бекітілді. Орташа тәуліктік хабар тарату көлемі 4,9 сағатты құрады.
1997 жылғы 27 қаңтардан бастап «Хабар» телеарнасы өз толқынында эфирге шыға бастады. Күн сайын 14 сағаттық эфир әртүрлі жанрдағы бағдарламалармен толықты. Бастапқы кезеңде «Хабар» өз өндірісін көбейтуге ұмтылды. Осы кезеңде оның үлесі жалпы хабар тарату көлемінің 35%-ын құрады. Алғашқыда жаңалықтар бағдарламалары басым болды.
«Хабар» телеарнасының бағдарламаларын көретін аудитория тек республика халқынан ғана емес, сонымен қатар Қазақстанмен шекаралас Ресей, Қытай және Орта Азия елдерінің тұрғындарынан да тұрды. Агенттік дамыған сайын, «Хабар» халықаралық ақпарат агенттіктерімен серіктестік байланыстар орнатты. Спутниктік байланыс жүйесі арқылы телеарна WTN, CNN, Reuter секілді әлемдік ақпарат агенттіктерінен жаңалықтарды жедел түрде алып отырды.
1998 жылы «Хабар» Агенттігі жабық акционерлік қоғамға айналды. Оған мемлекет 100%-ға иелік етті. Осы кезде «Хабар» Агенттігінің орталық бюросы Астана қаласында құрылды. 2003 жылы «Хабар» Агенттігі акционерлік қоғам ретінде қайта тіркелді.
Агенттіктің жаңалықтар қызметінің басты мақсаты – ақпаратты жылдам жеткізу болды. Алғашқы күндерден бастап тілшілер желісін құру міндеті тұрды. Алдымен Қазақстанның өңірлерінде, кейін шетелде құрылды. Аймақтардағы ең үздік журналистерді таңдап, корреспонденттік пунктердің техникалық қамтамасыз етілуін және ақпарат жеткізу тәсілдерін ұйымдастыру міндеті Р.С. Ахметова мен З.А. Нұрмураттың қолында болды. 1996 жылдың соңына қарай Ақмола, Қарағанды және Семей қалаларында 3 тілшілер қонысы ашылды. 1999 жылы елімізде ең ірі 14 тілшілер қонысы құрылды. Қазіргі уақытта шетелдерде тілшілер қонысы бар.
Ақпарат қызметі алғаш болып «breaking news» форматын енгізіп, үздіксіз хабар тарату жүйесін жүзеге асырды. Қазақстандық телеарналар арасында тек «Хабар» осындай форматта жұмыс істеді. «Мир» ғарыш станциясымен жасалған тікелей байланыс телерадиокомпания тарихында ерекше оқиға ретінде қалды.
Агенттік жанрлық құрамын кеңейтті. Эфирде тек ақпараттық бағдарламалар ғана емес, мәдениет, танымдық ойын-сауық жобалары, ток-шоулар мен музыкалық концерттер пайда бола бастады. 1995 жылы «Хабар-әскер», «Мен – салық төлеушімін», «Парламенттік апта», «Еркем-ай», «Майдан», «Сәлем: Қазақстан!», «ЭКОС» сияқты бағдарламалар эфирге шықты. Алғашқы үш жылда 30-дан астам жоба шығарылды. Олардың көпшілігі көрермендер есінде сақталды.
1996 жылы Қазақстан телевизиясы тарихында алғаш рет «Хабар» Агенттігі «Перекресток» атты сериалдың өндірісіне кірісті. Бұл 5 жыл бойы телеарналарда көрсетілді, ал 465 серияның түсірілімі 4 жылға созылды. 1998 жылы бұл туынды ТМД медиафорумында «Ең үздік сериал» деп танылды. Сериал жоғары рейтингке ие болып, Қазақстандағы танымалдығы мен ұзақтық көрсеткіші бойынша басқа сериалдарды басып озды. «Хабар» алғашқы болып Қазақстанда лицензияланған көркем және деректі фильмдер, телесериалдар, мультфильмдер көрсете бастады.
2000 жылдардың басында «Хабар» телеарнасында «Хабар-ньюс»,«Ұят болмасын», « 77 күн», «Бизнес-Хабар», «Хабар-жер» және басқа да 43 жаңа жоба эфирге шықты. Осы уақытта эфирге ойын-сауық бағдарламалары, мысалы, «Алтыбақан», «Кулинарлық шоу» сияқты жобалар қосыла бастады.
2001 жыл – бұл ойын-сауық, білім беру және танымдық ток-шоулардың, тікелей эфир форматындағы сұхбат бағдарламаларының белсенді түрде шығатын кезеңі болды. Оларға «ХХІ ғасыр көшбасшысы», «Бетпе-бет» сияқты бағдарламалар қосылды.
2003 жылдан бастап телеарнаның өз жобаларының саны күрт өсе бастады. Олардың көпшілігі жоғары рейтингке ие болды. «Нысана», «Азамат», «Идем на футбол», «Бармысың, бауырым» сияқты жобалар көрерменмендердің көзайымына айналды.
Кейінгі жылдары «Хабар» өз бағдарламаларын жетілдіріп, жаңа жобаларды эфирге шығаруды жалғастырды. 2010-2013 жылдары күрделі техникалық және шығармашылық ресурстарды талап ететін мегажобалар іске қосылды. Оның қатарында «Чемпион» шоуы болды. Онда тек шоу-бизнес жұлдыздары бокста өнер көрсетті. Сондай-ақ, «ХабарStars» жобасы әзіл мен эстраданың үйлесімі ретінде сәтті жүзеге асырылды.
2010 жылы «Хабар» Агенттігі сериалдар өндірісін қайта шығара бастады. 2011 жылы 3 сериал эфирге шықты: «К вам едет доктор Ахметова», «Алдар Көсе», «Асель, друзья и подруги». 2012 жылы көрермендер 7 сериал тамашалады: «Жаным», «Подружки», «Ғашық жүрек», «Тікелей эфир», «25-й километр», «Агент Z», «Асель, друзья и подруги-2».
2014 жылы 6 жаңа сериал эфирге шықты. Олардың ішінде: «Перекресток в Астане», «Пәленшеевтер», «Әр үйдің сыры басқа», «Кеңесшілер», «Махаббатым жүрегімде», «Сүрбойдақ» және биопик жанрындағы «Бауыржан Момышұлы», «Күләш» сериалдары болды.
30 жылдық шығармашылық жұмыс Агенттікке көптеген мемлекеттік, халықаралық және кәсіби марапаттар әкелді. Агенттіктің журналистерінің шығармашылық жұмыстары EMMY және Ресейдегі «Алтын сөз» телевизиялық марапаттарына номинацияға ілінген. Сонымен қатар, Евразия телевизия және радио академиясының байқауларында, сондай-ақ Евразияның ақпараттық-мәдени кеңістігін дамытуға қосқан үлесі үшін арнайы медальмен марапатталған. Спорт редакциясының қызметкерлері халықаралық кәсіби марапаттарға ие болды. Агенттіктің жастарға арналған бағдарламаларының бірі — «Болашақ қаласы» — Жапониядағы халықаралық фестивальде әлемдегі үздік 10 бағдарламаның қатарына кірді. Севастопольдегі халықаралық фестивальде Агенттіктің бастамасымен түсірілген тарихи фильм «Бауыржан Момышұлы» лауреат атанды. 2019 жылы Агенттік тапсырысымен түсірілген «Алтыншы пост» сериалы «ТЭФИ – Достастық» премиясын жеңіп алды. Сондай-ақ, 2020 жылдың ақпан айында «Бейбітшіліктің бағасы. Батыс» және «Бейбітшіліктің бағасы. Солтүстік» деректі фильмдері, сондай-ақ «Күн астында ұшатын» фильмі «Страна» телевизиялық ұлттық премиясының IX маусымында «Үлкен ел» номинациясында финалист атанды. 2022 жылы «Хабар» арнасының Семей ядролық полигоны туралы түсірген тарихи сериалы Мәскеуде өткен Ресейдің Халықаралық кинофестивалінде «Ең үздік телевизиялық мини-сериал» аталымында жеңімпаз болды. Сонымен қатар, Агенттік халықаралық ұйымдармен белсенді жұмыс жүргізіп, Азия-Тынық мұхитының Бұқаралық Ақпарат құралдары Одағымен (ABU) толық құқықты мүшесі болып табылады және Еуропалық Бұқаралық Ақпарат құралдары Одағымен (EBU) ассоциативті мүшелікке ие. Бұл Агенттікке жыл сайын түрлі байқауларға, тренингтерге, шығармашылық жобаларға қатысу мүмкіндігін береді. 2018 жылдан бастап Агенттік «Junior Eurovision» («Балалар Евровидениесі») ән байқауына қатысып келеді. Онда Қазақстанның алғашқы қатысушы — Данелия Төлешова 6-орынды иеленді. 2019 жылы жалпы дауыс беру нәтижелері бойынша Қазақстан өкілі Ержан Максим 2-орынды иеленді. 2020 жылы «Junior Eurovision» байқауында Қазақстанды Қарақат Башанова танытып, 2-орынды жеңіп алды. 2021 жылы Қазақстанды Бекнұр Жәнібекұлы мен Алинұр Хамзин танытып, 19 елдің арасында 8-орынға ие болды (Париж, Франция). 2022 жылы халықаралық байқауда Қазақстан Давид Чарлинді «Жер-Ана» әнімен танытты. Сонымен қатар, Азия-Тынық мұхитының Бұқаралық Ақпарат құралдары Одағымен (ABU) мүшелік Агенттікке жыл сайын түрлі шығармашылық байқаулар мен тренингтерге қатысу мүмкіндігін береді. Агенттік 2022 жылы «ABU Prizes 2022» және «ABU Song Festival» байқауларына белсене қатысып, Мади Сыздықовтың «ABU Song Festival» 2022 жылға қатысуын ұйымдастырып, оған құрмет грамотасын және фестивальдің мүсіншесін алды. 2023 жылы алғаш рет Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен отандық сериалдардың «Наурыз-2023» премиясы өтті, онда «Келінжан» сериалы бірнеше номинацияда жеңімпаз атанды. «Хабар» Агенттігі 30 жылдық тарихында ақпараттық саясатты ең сенімді жеткізуші, саяси, әлеуметтік-мәдени құндылықтар мен дәстүрлерді насихаттаушы болып табылатынын дәлелдеді. 2024 жылы «Хабар» Агенттігі Парижде өткен XXXIII жазғы Олимпиада ойындарын ресми трансляциялау құқығына ие болды. Бұл Олимпиада «Хабар» үшін тек спорттық оқиға ғана емес, әлемдік деңгейдегі маңызды оқиға ретінде де өтті. Сонымен қатар, осы жылы Агенттік «Хабар» Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми трансляторы болды. Бұл ауқымды шараға 89 елден 2000-нан астам қатысушы келіп, көшпенді халықтардың бай мәдени мұрасы мен дәстүрлерін паш етті. «Хабар» ашылу салтанатының тікелей трансляциясын қамтамасыз етіп, миллиондаған көрерменді ұлттық рәсімдер, музыкалық қойылымдар және театрландырылған көріністермен таныстырды.
Қазіргі таңда «Хабар» Агенттігі үш арнадан тұрады: қазақ және орыс тілдерінде тарататын басты арна «Хабар», тәулік бойы жұмыс істейтін ақпарат арнасы «24KZ» және танымдық-ойын-сауық арнасы «EL ARNA». Агенттіктің бағдарламалары Қазақстанның әр түкпірінде қолжетімді, телеаудиторияны 100% қамтып отыр. Әуе толқындарында — өзекті жаңалықтар, қызықты сериалдар, көркем және деректі фильмдер, сондай-ақ кез келген көрерменнің талабын қанағаттандыратын әртүрлі бағдарламалар бар. Орташа тәулік бойы тарату уақыты: «Хабар» – 20 сағат, «24KZ» – тәулік бойы спутник арқылы тарату, «El arna» – тәулік бойы. Бізді Қазақстанның кез келген түкпірінен көруге болады, спутник арқылы тарату бойынша телеаудиторияның қамтуы – 100%, ЦЭХТ бойынша – 93.14%. Агенттікте бүкіл Қазақстан бойынша және жақын және алыс шет елдерде дамыған тілшілер желісі бар. Агенттіктің өкілдіктері АҚШ, БАӘ, Ресей, Бельгия, Оңтүстік Корея, Қытай, Германия, Өзбекстан, Қырғызстан, Франция, Түркия, Грузия, Әзербайжан, Малайзия елдерінде бар. Арналардың эфирлік тарату кестелері жаңалықтар, сериалдар, көркем және деректі фильмдер мен бағдарламаларды қамтиды. Олар кез келген көрерменнің талаптарына жауап бере алады. Орташа тәуліктік эфирдің 60%-ы мемлекеттік тілде жүргізіледі.