Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

«Хабар» және «24KZ» телеарналарына арналған жобаларды жасауға өтінімдер қабылдау

«Хабар» Агенттігі» АҚ (бұдан әрі - Агенттік) «Хабар» және «24KZ» телеарналарына арналған телевизиялық жобаларды: бағдарламаларды, сериалдарды, деректі фильмдерді және өзге де аудиовизуалды туындыларды жасау жөніндегі ұсыныстарды қабылдайды.

Өтінімді кім бере алады

Өтінімді мына талаптарға сай келетін заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер (бұдан әрі - өтінім беруші) бере алады:

1) қызмет бейіні. Өтінім беруші аудиовизуалды туындылар өндірісімен айналысуы тиіс;

2) өтінім берушінің тәжірибесі. Өтінім беруші соңғы 3 (үш) жылда кемінде 5 (бес) жобаны (бағдарламаны, сериалды, фильмді) іске асырған, ол жобалар аяқталған, республикалық телеарналардың эфирінде, кинопрокатта немесе онлайн-платформаларда көрсетілген болуы тиіс;

3) жоба продюсері. Жобаға жетекшілік ететін продюсер кемінде 3 (үш) жарыққа шыққан жоба титрларында продюсер ретінде көрсетілген және ұсынылып отырған жобаны жасауға өзі тікелей қатысуы тиіс;

4) ресурстар. Өтінім берушінің жобаны өндіруге қажетті шығармашылық тобы мен материалдық-техникалық базасы болуы тиіс.

Іске асырылған жобалардың нәтижелері телеқаралым деректерімен, кассалық түсіммен, онлайн-платформалардағы қаралым санымен немесе кәсіби марапаттармен расталуы тиіс.

Жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген жеке тұлғалардан өтінімдер қабылданбайды.

Жобаға қойылатын талаптар

Мына талаптарға сай келетін жоба қарауға қабылданады:

1) телеарна. Жоба нақты телеарнаға («Хабар» немесе «24KZ») ұсынылады және оның тақырыбы мен хабар тарату форматына сәйкес келеді;

2) түпнұсқалығы. Жобаны өтінім беруші өзі әзірлеген. Егер жоба өзге тұлғаның форматына, сценарийіне немесе басқа туындысына негізделсе, өтінім беруші оларды пайдалануға құқығы бар екенін растайды;

3) жаңалығы. Жоба бұрын эфирге шықпаған және ашық негізде орналастырылмаған;

4) мазмұны. Жоба мазмұны Қазақстан Республикасының заңнамасына сай келеді;

5) құны. Жоба құны есеп-қисаппен (шығыстар сметасымен) расталған;

6) құқықтар. Шарт жасалған жағдайда жобаға айрықша құқықтар Агенттікке толық көлемде өтеді.

Нені ұсыну қажет

Өтінім еркін нысанда жасалып, оған өтінім беруші қол қояды. Онда өтінім берушінің атауы, байланыс деректері, жобаның атауы және жоба ұсынылатын телеарна көрсетіледі.

Өтінімге мыналар қоса беріледі:

1) жобаның тұжырымдамасы: идеясы, мақсаттары мен міндеттері, жанры, форматы, тілі, шығарылымдар (сериялар) саны, хронометражы, мақсатты аудиториясы, қысқаша мазмұны, шығармашылық құрамы;

2) жоба құнының есеп-қисабы (шығыстар сметасы);

3) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы анықтама не жеке кәсіпкердің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; оған қоса мекенжайы, банк деректемелері және қосылған құн салығы бойынша есепке қойылғаны туралы мәліметтер көрсетіледі;

4) портфолио: өтінім беруші мен продюсер іске асырған жобалардың тізбесі (жобаның атауы, шыққан жылы, телеарна немесе платформа, қол жеткізілген көрсеткіштер мен марапаттар көрсетіледі), сондай-ақ жобамен жұмыс істейтін шығармашылық топ туралы мәліметтер және оларды растайтын құжаттары;

5) жобаны өндіруге қажетті материалдық-техникалық база туралы мәліметтер (растайтын құжаттарымен бірге);

6) өтінім берушінің шығармашылық тобы түсірген жобаның пилоттық шығарылымы (пилоттық сериясы). Пилоттық шығарылым - жобаны эфирге шығатын күйінде көрсету үшін жасалған бағдарламаның сынақ түріндегі шығарылымы немесе сериалдың бірінші сериясы. Ол тиісті форматта және толық хронометражымен, ұсынылатын жүргізушілердің немесе актерлердің қатысуымен түсіріліп, монтаждалған, дыбысталған және графикалық безендірілген түрінде болуы тиіс.

Бейнеқатары, адамдардың бейнелері немесе дауыстары жасанды интеллект көмегімен жасалған пилоттық шығарылым қабылданбайды.

Құжаттары мен материалдары толық ұсынылмаған өтінімдер қарастырылмайды.

Өтінімді қайда жіберу керек

Өтінімдер astana@khabar.kz электрондық мекенжайына немесе Астана қаласы, Д. Қонаев көшесі, 4 мекенжайында орналасқан «Хабар» Агенттігі» АҚ-на жіберіледі.

Өтінімдер қалай қаралады

Өтінімдерді Агенттіктің телеарналары тақырыбын және жаңа жобаларға деген қажеттілігін ескере отырып қарайды. Жобаны одан әрі қарау немесе қарамау туралы шешімді телеарна қабылдайды.

Егер жоба телеарнаны қызықтырса, Агенттік өкілі өтінімде көрсетілген байланыс деректері арқылы өтінім берушімен хабарласады. Егер өтінім келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде Агенттік өтінім берушімен хабарласпаса, өтінім одан әрі қарауға қабылданбаған болып есептеледі. Агенттік өтінімдердің қабылданбағаны туралы хабарлама жібермейді және оның себептерін хабарламайды.

Қандай өтінімдер қаралмайды

Агенттік өтінімді мына жағдайларда қарамайды:

1) өтінім беруші немесе жоба жоғарыда көрсетілген талаптарға сай келмесе;

2) құжаттар мен материалдар толық ұсынылмаса;

3) өтінімде немесе құжаттарда анық емес мәліметтер көрсетілсе;

4) өтінім берушінің Агенттікпен жасасқан шартты бұзғаны сот шешімімен анықталса және шешім заңды күшіне енген күннен бастап 3 (үш) жыл өтпесе;

5) жоба Агенттікке бұрын жіберілген болса және елеулі өзгерістерсіз қайта ұсынылса.

Өтінім беру шарттары

Өтінімдерді қабылдау және қарау конкурс немесе сауда-саттық болып табылмайды. Өтінім беру Агенттікке өтінім берушімен шарт жасасу міндетін жүктемейді.

Өтінім мен материалдарды дайындауға жұмсалған шығыстарды өтінім беруші өзі көтереді, Агенттік оларды өтемейді. Ұсынылған құжаттар мен материалдар қайтарылмайды, олар бойынша қорытынды берілмейді.

Агенттік тақырыбы мен жанры ұқсас жобаларды өз күшімен немесе басқа орындаушылармен бірге жасауға құқылы.

Өтінім жібере отырып, өтінім беруші онда көрсетілген мәліметтердің дұрыс екенін және баяндалған шарттармен келісетінін растайды.