«Хабар» агенттігі» АҚ (бұдан әрі – Агенттік) Қазақстанның медиа кеңістігіндегі көшбасшы ұйымдардың бірі болып саналады. Агенттік құрамына қоғамдық-саяси бағыттағы «Хабар» телеарнасы және тәулік бойы хабар тарататын «24KZ» ақпараттық телеарнасы кіреді.
Жыл сайын Агенттіктің тапсырысы бойынша отандық өндірістің 190-ға дейінгі сериалдар топтамасы түсіріледі. Жанрлардың алуан түрлілігі кез келген мақсатты аудиторияның сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді: мелодрамалар, комедиялар, деректі фильмдер мен бағдарламалар, ойын-сауық жобалары, тарихи және өмірбаяндық сериалдар. Сонымен қатар, Агенттіктің 1990-жылдардан бері жинақталған бай бейнеархиві бар. Сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінде, жақын және алыс шетелдерде дамыған меншікті тілшілер желісі жұмыс істейді. Агенттіктің АҚШ, Ресей, Бельгия, Оңтүстік Корея, Қытай, Өзбекстан, Франция, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктерінде өкілдіктері бар.
30 жылдық шығармашылық қызметі барысында Агенттік көптеген мемлекеттік, халықаралық және кәсіби марапаттарға ие болды. Агенттік журналистерінің жұмыстары беделді «EMMY» телевизиялық сыйлығына, Ресейдегі «Золотой глагол» сыйлығына ұсынылды. Сондай-ақ Ресейдегі Еуразиялық Телевидение және радио академиясының байқауларында жеңістерге жетіп, Еуразияның ақпараттық-мәдени кеңістігін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Петр I» медалімен марапатталды. Спорт редакциясының қызметкерлері жоғары халықаралық кәсіби марапаттарға ие болды. «Болашақ қаласы» жастар бағдарламасы Жапонияда өткен халықаралық фестивальде әлемнің үздік он бағдарламасының қатарына енді.
Севастопольде өткен халықаралық фестивальде «Бауыржан Момышұлы» тарихи фильмі лауреат атанды. 2019 жылы «Алтыншы бекет» сериалы «ТЭФИ – Содружество» сыйлығын иеленді. 2020 жылғы ақпанда «Бейбітшіліктің құны. Батыс», «Бейбітшіліктің құны. Солтүстік» деректі фильмдері және «Күн астында қалықтаған» фильмі «Ел» IX Ұлттық телевизиялық сыйлығының «Үлкен ел» номинациясының финалистері атанды. 2022 жылғы қаңтарда «Полигон» арнайы жобасы Ресейдегі Мәскеу халықаралық кинофестивалінде «Үздік мини-сериал» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. 2024 жылғы қарашада «24KZ» телеарнасы «ТЭФИ-Капитал» Бүкілресейлік телевизиялық сыйлығының арнайы жүлдесіне ие болды.
Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағының (ABU) толыққанды мүшесі, Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) қауымдастырылған мүшесі және Телевизиялық архивтердің халықаралық федерациясының (FIAT/IFTA) мүшесі мәртебесі Агенттікке халықаралық медиа кеңістіктегі маңызды іс-шараларға қатысуға, кәсіби байқауларға, оқыту бағдарламаларына және ауқымды шығармашылық жобаларға тұрақты түрде қатысуға мүмкіндік береді.
2025 жылғы қаңтардан бастап Агенттік ABU Әкімшілік кеңесінің құрамындағы өкілеттігін қосымша үш жылдық мерзімге, яғни 2027 жылдың желтоқсанына дейін ресми түрде жүзеге асыруға кірісті. Стамбұл қаласында өткен Бас ассамблеяда дауыс берушілердің 75 пайызының қолдауына ие болуы Агенттіктің халықаралық беделінің жоғары екенін көрсетті. Әкімшілік кеңестің жылына екі рет өтетін отырыстарына қатысу Агенттікке Одақтың саяси және қаржылық шешімдерін қабылдау үдерісіне тікелей ықпал етуге мүмкіндік беріп, Қазақстанның әлемдік медиа қоғамдастығындағы беделін нығайтуда.
2025 жыл Агенттік қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру бағытындағы жаңа кезең болды. EBU мүшелігі аясында Агенттік қызметкерлері Брюссельдегі Euronews штаб-пәтерінде кәсіби тағылымдамадан өтіп, Лондондағы BBC редакциялық саясатының стандарттарын меңгерді. EBU-дың білім беру экожүйесіне интеграциялану нәтижесінде Агенттіктің өндірістік үдерістеріне озық еуропалық тәжірибелер енгізілді.
2025 жылдың басты оқиғаларының бірі – халықаралық «The Voice» телевизиялық форматының құқық иесімен «The Voice Қазақстан» музыкалық жобасын іске қосуға дайындық аясындағы өзара іс-қимыл болды. Жобаға қатысу үшін Қазақстанның барлық өңірлерінен 1 800-ден астам өтінім келіп түсті.
Агенттік шетелдік телерадио ұйымдарымен, жетекші спутниктік және кабельдік операторлармен өзара түсіністік туралы меморандумдар жасасу, іскерлік байланыстар орнату және «24KZ» телеарнасының ретрансляциясын кеңейту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. 2025 жылы «24KZ» телеарнасының хабар тарату географиясы айтарлықтай кеңейіп, бағдарламалары әлемнің 20-дан астам елінде, оның ішінде Ресей Федерациясында, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Түрікменстанда, Әзербайжанда, Грузияда, Арменияда, сондай-ақ Польшада, Сербияда, Босния және Герцеговинада, Черногорияда, Германияда, Литвада, Словенияда, Румынияда және Солтүстік Македонияда көрсетіле бастады.
Қазіргі уақытта Агенттіктің Корея Республикасы, Қытай Халық Республикасы (оның ішінде Макао), Түркия, Әзербайжан, Армения, Беларусь Республикасы, Өзбекстан, Сингапур, Моңғолия және Пәкістанның жетекші медиакомпанияларымен жасалған 26 өзара түсіністік туралы меморандумы бар.
Жыл сайын Агенттік өкілдері World Content Market, MIPCOM және NAB Show сияқты халықаралық медиа-нарықтарға қатысады. Контенттің жанрлық және сапалық әртүрлілігін арттыру бағытындағы тұрақты жұмыс сериалдар, архивтік бейнематериалдар, көркем және деректі фильмдер, концерттер мен музыкалық бағдарламаларды Қазақстан аумағында және шетелдік нарықтарда лицензиялық негізде таратуға мүмкіндік береді. Агенттік контенті Қазақстанда және ТМД елдерінде ғана емес, сонымен қатар «Кинопоиск», IVI, Okko, MEGOGO, Unico Play, Freedom SuperApp сияқты жетекші VOD-платформаларда қолжетімді. Бұдан бөлек, Агенттік өнімдері Air Astana әуе компаниясының борттық мультимедиа жүйесінде де көрсетілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Агенттіктің контент сатудан түскен кірісі 65 пайызға артты.