Хабар телеарнасы

Ерекешов Әбдіхалық (1901 - 1988 жж.)

Erekeshov Abdihalyk

Менің атам Ерекешов Әбдіхалық – Ұлы Отан соғысының ардагері. Ол 1901 жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Бала кезімде атамның қасында өстім, ол кісіден көп нəрсе үйрендім.

Атам майданда желілік тексеруші (надсмотрщик) болған. Жаудың қарқынды соққылары мен қарлы боранға қарамастан, екі күннің ішінде жиырмадан астам желі ақауларын жөндеп, кеңес әскерін тұрақты байланыспен қамтамасыз еткен. Нәтижесінде біздің артиллерияға, атамның айтуынша, «Катюшаларға» жау позициясының нақты координаттары беріліп, жеңіс жақындаған.

Сондай-ақ атам Сталинград, Воронеж бен Украинаны фашистерден қорғауда алдынғы шепте болған.

Батыл да ержүрек болған атамды мақтаныш тұтамын. Ол Отанды қорғау жолындағы ерен еңбегі үшін медальдармен наградталған.

Атам сұрапыл соғыстан елге жеңіспен оралып, өмірінің соңына дейін туған ауылына қызмет атқарған.

Ол партия қатарында болмаған, бірақ саяси жұмыстарға белсене араласып, ауылдық советті басқарған. Содан ауылда оны барша халық қазірге дейін «Совет ата» деп таниды.

Совет атамыз немерелерінің ортасында бақытты өмір кешті.

1988 жылғы желтоқсанда мәңгілік сапарға кетті. Атамның жатқан жері жәннатта болып, аруағы ұрпағын желеп жебей берсін!

Авторы: немересі Ерекешова Роза