Хабар телеарнасы

Ибраев Ғаббас (1925 - 1997 жж.)

Менің әкем Ғаббас Ибраев – Ұлы Отан соғысының ардагері. 1925 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауылы, Сартау ауылдық округінде (қазіргі М.Мамыраев атындағы ауыл) туған әкем жеті класстық білім алған. 1942 жылы Колхоз есепшісі болып жұмыс істейді. 1943 жылы жасы толған соң Отан қорғауға аттанады.

Әкем майданнан оралған соң, жеті класстық және үш айлық курстық біліммен ғана ауылда 40 жылдай есепші, бас есепші болып жұмыс істеді. Қанша жыл қызмет атқарса да, коммунистік партияның қатарына кірмеді. 1947 жылы анаммен бас қосып, алты қыз, бір ұлды дүниеге әкелді. Анам Рымжан кассир болып жұмыс істейтін, кейін көп жыл бойы мұғалім болды. Әкем 1997 жылы балалары мен немерелерінің ортасында дүниеден озды.

Әкем соғыс уақыты туралы ешқашан ашылып әңгіме айтқан емес, тек жараланған білегі ауырғанда: «Соғыстың зардабы ғой, сендер ол заманды білмей-ақ қойыңдар», – деумен шектелетін. Әкем өте сабырлы, маңғаз, аз сөйлейтін, жұмысына берік, адал адам еді. Жыл сайын Жеңіс күнін тойлағанда ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары сыйлық кітаптарын ала келіп, қаумалап майдан туралы қанша сұраса да айтқан емес. Бәлкім, ауылдас ардагерлермен басынан кешкен қиындықтар туралы сыр шертіскен де болар, бірақ бізге де, басқаларға да айтқаны өте аз. Тек өз аузынан жазып алынған қай жерде, қай құрамда соғысқаны туралы қысқаша дерек қана бар: «376-атқыштар полкінде әскери дайындықтан өтіп, майдан шебіне жіберілдім. Харьковтан жауды ығыстыра отырып, Полтава бағытымен 799-атқыштар полкінің 3-батальоны, 6-ротасында автоматшы болып, көптеген ауыр шайқастарға қатыстым. Дубовка деревнясы үшін болған қанды шайқаста сол қолымнан жараланып, 1075 дала госпиталында жаттым. Әскерге жарамсыз болып, елге оралып, ІІ топтағы мүгедек болып, тылдағы еңбекке араластым. Жеңісті ауылда қарсы алдым».

Сталинград шайқасынан кейін Украина жерін азат етудегі әскери қимылдарға кеңес әскерінің жауынгерлері ерекше жанкештілікпен араласқаны белгілі. Бірде кеңес әскері, бірде неміс жасақтары басым түсіп, бір үміт, бір күдікпен екі жақ та берілмеуге тырысты. Менің әкем дәл осы аласапыранның бел ортасында жүрді. Оның ішінде болған небір атаусыз қалған ерліктер мен жантүршігерлік оқиғалар тарихтың ашылмас сырлары болып қала беретін шығар...

Әкем бір үйден ағайынды-қарындасты үшеу еді. Туған ағасы Хамза атам да Ұлы Отан соғысының ардагері еді. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, үш рет жараланып, Харьков қаласынан елге қайтады. Елге оралған соң, ауылдық кеңестің хатшысы болып қызмет атқарып жүрген жерінен шоферлік курсты өзі сұранып оқып, 44 жыл бойы ауыл шаруашылығында жұмыс істеді. Хамза атам 2000 жылы қайтыс болды. Ол кісі көп сөйлемейтін, шаруасына мығым адам еді.

Соғыстағы естеліктері туралы да сирек айтатын. Бір үйден майданға аттанған екі азаматтың да елге аман оралуы ол жылдары сирек кездесетін. Осының мәнісін сұрағанымызда Хамза атам майданға түскенде командирі атамның жағдайын сұрап біліп: «Бір үйден екі ұлдың соғысқа қатысқаны обал екен, тұқымдарың құрып кетеді ғой», – деп жаны ашып, өзінің жанына писарь қылып алғанын айтқан еді. Хамза атамның жазуы әдемі, сауатты болатын. Атамды сөйтіп командирі аман алып қалған екен.

Наградалары:

  • Ғаббас Ибраев – орден «Отечественной войны І степени», медаль «За отвагу», «Ветеран труда», юбилейная медаль «50 лет Победы в Великой Отечественной войне 1941-1945 гг.» және т.б. құрмет грамоталары;
  • Хамза Ибраев – орден «Отечественной войны ІІ степени», медаль «За победу над Германией в Великой отечественной войне 1941-1945 гг.», «медаль Маршала Советского Союза Жукова Г.К.», юбилейная медаль «50 лет Вооруженных сил СССР», юбилейные медали 20 лет, 40 лет, 50 лет Победы в Великой Отечественной войне 1941-1945 гг.» және т.б. құрмет грамоталары.

Авторы: қызы Ибраева Тоғжан Ғаббасқызы