Хабар телеарнасы

Құрманов Жәрдем Хайдарұлы (1913 - 1989 жж.)

Құрманов Жәрдем Хайдарұлы (1913 - 1989 жж.)

Жәрдем Хайдарұлы 1913 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Қаратөбе ауданы, Батпақкөл ауылында дүниеге келген. Ашаршылық жылдары әуелі Башқұртстан, кейін Чкалов (қазіргі Орынбор) облысының Александров ауданына қоныс аударды. 1940 жылы сәуір айында Жәрдем Хайдарұлы әскер қатарына шақырылады.

Оның келіп түскен саперлік батальоны соғыстың алғашқы күнінен бастап-ақ ұрысқа жіберіледі. Соғыстың дүмпуін олар Воронеж облысының Лиски станса торабында-ақ сезеді.  Одан әрі бұл батальон Украина, Орталық-Қаратопырақты өңірде, Беларусьте кескілескен қорғаныс шайқастарына қатысады.

1942 жылдан Ұлы Отан соғысының жеңісіне дейін 555-гвардиялық атқыштыр полкінің құрамында әртүрлі майданда ерлікпен соғысады. Кеңес жауынгерлерімен бірге Харьковты, Кривой Рогті, Украинаның оң жақ жағалауын, Беларусьтің оңтүстік облыстарын, Польшаны, Пруссияны азат етеді. Днепрді кесіп өтіп, немістердің алынбас қамалына айналған Кенигсбергті алу кезінде үлкен шығын әкелген қантөгіске қатынасады.

Соғыс ардагері ІІ дәрежелі Даңқ орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.

1956 жылға дейін Чкалов облысының Белозер ауданындағы К.Маркс атындығы колхозда еңбек етіп, Жәрдем атамыз отбасымен БҚО-дағы Шыңғырлау стансасына көшіп келеді. Жұбайы Гүлбағида екеуі тоғыз бала тәрбиелеп өсірген.

Отан алдындағы борышын адал атқарған қарт майдангер 1989 жылы ауыр науқастан дүниеден өтті. Атамыздың ерлігі әрқашан жүрегімізде қалады.

Авторы: немересі Курманова Асия Аманжоловна